
Сот төрелігі: сенім мен сапа өлшемі
Жоғарғы Сотта еліміздегі сот жүйесінің биылғы алғашқы жартыжылдықтағы қызметі қорытындыланды. Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген алқалы жиынға Мемлекет басшысының құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев пен Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов қатысты.

Жиын барысында сот төрелігінің сапасы, судьялардың тәуелсіздігі, баламалы дауды шешу жолдары мен сот төрелігін цифрландыру жайы кеңінен талқыланды.
Азаматтық істер бойынша соттарға түсетін жүктеменің артқанына қарамастан, сот төрелігінің сапасы төмендеген жоқ. 2025 жылдың алғашқы бес айында татуластыру рәсімдерінің үлесі 46,9%-ды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда елеулі өсім көрсетті. 113 мыңнан астам медиациялық талап қою мен істердің тең жартысы бейбіт жолмен шешілген. Бұл – қоғамда дау-дамайдың сотсыз шешілу мәдениеті қалыптасып келе жатқанының айғағы.
Бірінші сатыдағы соттарда қабылданған шешімдерге апелляциялық шағымдар 2,5%-ға азайған. Ал кассациялық сатыда күші жойылған және өзгертілген сот актілері үштен біріне қысқарып, 263 істен 185-ке дейін төмендеген. Түзетілген сот шешімдерінің жалпы үлесі де 1,7%-дан 1,4%-ға азайған. Бұл – сот тәжірибесінің бірізділігі мен кәсібиліктің көрсеткіші.
Айыптау емес, әділет салтанат құруы тиіс
Қылмыстық істер бойынша ақтау үкімдерінің саны едәуір артқан. Былтырғы 90 іспен салыстырғанда, биылғы ақталғандар саны 134-ке жетіп, 49%-ға өскен. Жеке айыптау істерін есепке алмағанда бұл көрсеткіш 128%-ға көбейген. Мұндай серпін – айыптау бағытының әлсіреп, айғақ пен дәлелдің салмағы басым түсіп келе жатқанын көрсетеді.
Айта кетерлік тағы бір маңызды көрсеткіш – тергеу органдарының қамауға санкция беру туралы өтініштерін соттардың қанағаттандыруы 76,6%-дан 63,5%-ға дейін төмендеген. Бұл – судьялардың ішкі сенім мен құқықтық дәлелге сүйеніп, шынайы тәуелсіз шешім қабылдап отырғанының айғағы.
Биылғы бес айдың өзінде ғана 1740 күдіктіге электронды білезік тағылған. Бұл – өткен жылдың толық көрсеткішінен екі есеге жуық артық. Қамауға балама бұл шара соттардың адам құқықтарын шектемей, заң аясында әрекет етіп отырғанын көрсетеді.
Сондай-ақ, тергеу органдарының әрекеттеріне қатысты соттарға түскен шағымдарды қанағаттандыру көрсеткіші 31,8%-дан 36%-ға өскен. Бұл – сот бақылауының нақты іске айналғанының дәлелі.
Соттар үйқамақты қолдану бойынша да белсенді. Мәселен, есепті кезеңде тергеу органдары 304 адамға қатысты үйқамаққа алу шарасын ұсынса, соттар бұл шешімді алты есе көп – 1842 рет қолданған.
Жазаны өтеуді жеңілдету бағытында да оң өзгерістер бар. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШМБ) туралы өтініштердің қанағаттандырылуы 32,4%-дан 37%-ға дейін өскен. Сонымен қатар, жазаны ауыстыру институтын қолдану тәжірибесі де тұрақты дамып келеді.
Цифрландыру – әділдікке апарар жол
Жоғарғы Сот Төрағасы сотталғандарға қатысты өтініштерді қарау кезінде цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі жаңа бастаманы жария етті. Цифрлық платформа сотталғандардың жеке ісін сақтауға, өтініштерді онлайн түрде беруге, роботтандырылған сараптамалар жүргізуге және істі онлайн қарауға мүмкіндік береді. Бұл бастама сот шешімдерінің ашықтығы мен объективтілігіне жол ашады.
Әкімшілік істер бойынша талап қоюлар 7,3%-ға артқан. Жер, тұрғын үй, салық және экология салалары бойынша азаматтар мен бизнестің пайдасына шыққан шешімдер 57,8%-ды құраған. Бұл – құқықтық мемлекет қағидаттарының нақты іске айналып жатқанын білдіреді.
Соттардың шығарған шешімдерінің ашықтығы мен сапасы кассациялық сатыда да көрініс тапты. Мәселен, кәсіпкерлер берген 4 мың талап қоюдың тең жартысы бизнес пайдасына шешілген. Ал жергілікті соттарда қабылданбаған шешімдердің 33%-ы кассация тәртібінде түзетілген.
Инвесторға – сенім, сотқа – серпін
Соттан тыс реттеуге басымдық берудің нәтижесінде, Астана қаласындағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа келіп түскен инвесторлық талап қоюлар саны екі есеге қысқарған. Бұл – инвестициялық дауларды бейбіт жолмен шешудің тәжірибесі қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Асламбек Мерғалиев биылғы жылы сот жүйесінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, цифрландыру үдерісін жандандыру, жаңа кассациялық соттардың жұмысын жүйелеу бағытында бірқатар нақты жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
Отырыс соңында Жоғарғы Сот Төрағасы сот реформаларының оң үрдісіне тоқталып, Президенттің соттарға деген сенімді арттыру жөніндегі тапсырмасын орындаудың маңыздылығын атап көрсетті. Сот жүйесінің басты міндеті – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ал әділ сот төрелігі – ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық сенімнің берік тұғыры екені сөзсіз.
Дайындаған Майра ЕРҒАЛИ