ШҰҒЫЛ: Атырауда жоғалған бес жасар бала табылды
Учаскелік полиция инспекторлары жоғалған бес жастағы баланы санаулы минут ішінде тапты.
12 сәуір күні сағат 19:30 шамасында егде жастағы азаматша №15 учаскелік полиция бекетіндегі полиция инспекторларына қоңырау шалып, өзінің 5 жастағы немересінің қас-қағым сәтте жоғалып кеткендігі туралы арызданған. Кәмелетке толмаған баланың әжесі оның Мұнайшы ықшамауданындағы азық-түлік дүкеніне кірген бетте өз бетімен ойнап кетуі мүмкін екенін айтқан.
Жоғалған баланы іздеу үшін полиция қызметкерлері барлық полиция учаскелеріне бағыт-бағдар беріп, адамдар көп жиналатын орындарды, жақын маңдағы аудандарды тексерді. Тәртіп сақшылары санаулы минуттардың ішінде баланы Геолог поселкесі Жаңалы көшесінің бойында жалғыз өзі жылап келе жатқан жерінен тауып, ата-анасына табыстады.
— Өмірімізге жарқын сәт сыйлаған №15 учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Ғизатолла Рахметов пен полиция лейтенанты Өмірзақ Маханов есімді азаматтарға шын ниетіммен алғыс айтқалы отырмын. Жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін мына заманда отбасымыз бір мезетте қиын жағдайға душар болды. Өз бетімізбен іздеу еш нәтиже бермейтінін түсініп, дүкен сөресінде ілінген жадынамаға көзіміз түсіп, көрсетілген нөмірге қоңырау шылдық. Лезде жауап беріп, дереу әрекет етті. Полицейлер жоғалған бауырымызды тауып, әкеліп берді. Олардың отбасыларына бар жақсылықты тілеймін. Елдің алғысын арқалап жүре беріңіздер, — деді баланың анасы Гүлжихан Хуресова.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларды жалғыз қалдырмай, мұқият болуға шақырып, бақылауды күшейту қажеттігін ескертеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ