«Сергек» неге өшірілді?
Редакцияға хабарласқан оқырмандар Атырау қаласының мектептері тұсындағы көліктің жүру жылдамдығына қатысты сұрап жатыр. Мұнда 40 км/сағат жүру қажеттілігі туралы белгі орнатылғаны белгілі. «Оқушылардың жазғы демалысына байланысты осы жылдамдық көрсеткіші өзгерді деп естідік. Енді жол бойында 60-пен жүрсем, маған айыппұл салынып жүрмей ме?» дейді қоңырау шалған көлік жүргізушісі.
Біз дереу облыстық полиция департаментімен байланысқанбыз. Құзырлы органдағылар осы тұстағы «Сергек» бейнекамераларының өшірілгенін растады.
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Атырау қаласындағы білім беретін мекемелердің тұстарына «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені қондырылған. Ол жерде көліктерге «жүру жылдамдығы 40 км/сағат» деген шектеу бар. Жазғы демалыс уақытында «40 км/сағат» режимі мен «Сергек» камералары 2 маусымнан бастап уақытша өшірілді, — деп жауап берді Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Руслан Мажитов.
Мектеп тұсындағы жылдамдыққа уақытша өзгеріс енгізілсе де, жол қозғалысы ережелерінің талаптарын мұқият сақтаңыз, жүргізуші!
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА