СЕНГЕН СЕРКЕМ СЕН БОЛСАҢ…
Қоғамдық кеңестің бұл жолғы басқосуында жемқорлықпен күреске қатысты нақты деректер айтылды. Алғашқы әңгіме жергілікті қылмыстық-атқару жүйесіне қатысты болды. Байқасақ, мұндағы жағдай «балық басынан шіридінің» кері екен. Былтыр УГ 157/10 мекемесі бастығының сотталуы – соның айғағы. Бұл кісі өзіне артылған міндет, үлкен жауапкершілікті осы күнге дейін өзгеше түсініп келгенге ұқсайды. Ол жазасын өтеушілердің бірінен өзіне 150 мың теңге беруді талап етті. «Яғни, осы соманы берсең, менің қамқорлығымда боласың, күнделікті демалыс күндерін беремін» дейтін көрінеді. Сонымен қатар, әлгі басшы тағдыры талқыға түскен тағы бір жаннан «Самсунг» маркалы теледидар мен «Триколор» спутниктік антеннасын алған. Алайда, судың да сұрауы бар. Қазіргі күні ол 7 жыл мерзімге сотталып отыр.
Алымқор басшының әрекеті оқиғаға ұрынуы одан жоғары тұрған лауазымдыларға да қырсығын тигізді. Жемқорлықтың алдын алмағандығы, осы бағытта тындырымды жұмыс жасамағаны үшін Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменты бастығының (ҚАЖД) орынбасары, әділет майоры Б.Шотаев орынтағынан қуылды. Ішкі істер министрінің бұйрығымен тәртіптік жазаға тартылды.
Бүгінде сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырларға қатысты жұртшылықтың білетіні аз. Өйткені, қылмыстық-атқару жүйесі демін ішіне тартқан жабық құрылым. Сондықтан шығар, қоғамдық кеңес мүшелері темір тордың арғы жағындағы ахуалға көбірек мән беріңкіреді. Сауалдарды да көптеп қойды. Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Қанат Қадыров оларға тұшымды жауап беруге тырысты. Сұрақтардың ішінде елең еткізерлері де бар еді. Мәселен, «өткен жылы 4 жазасын өтеуші өз-өзіне қол салған оқиға болыпты. Мұның себебі неде?» деп сұралды. Департамент өкілінің бұған жауабы дайын болып шықты:
– Жазасын өтеушілердің осынау әрекетіне, өмірден түңілуіне әртүрлі жағдай әсер етеді. Бірінің әйелі тастап, өзге адамға күйеуге шығып кетеді. Соған күйініп, өзіне қол салады. Келесілері түрмеде бесінші, алтыншы рет отырғандар. Мұндай жандардан ағайын- туысы, жақын-жуығының әбден көңілдері қалған, сондықтан да теріс айналған. Соттың үкімімен келіспейтіндер, сонымен қатар, нашақорлар да бар араларында. Есірткісіз өмір сүре алмайтындардың жандары қиналғандарында қандай ма сұмдыққа барады. Біз оларға солай жасайды екен деп есірткі бере алмаймыз ғой, — деді Қ.Қадыров.
Департамент өкілі соған қарамастан жазасын өтеушілермен жұмысқа ерекше маңыз берілетінін, бұл мақсатқа психологтар тартылғанын да баяндай кетті. Айтпақшы, 2012 жылы екі жазасын өтеуші ҚАЖД қызметкерлерінің тарапынан заң бұзушылық болды деп шағымданыпты. Осыған орай өзіндік қауіпсіздік тобы жұмыс жүргізіп, ақыр соңы ешқандай келеңсіздікті анықтай алмаған. Мұны облыстық прокуратура қайтара тексеріп, қабылданған шешімнің заңдылығын нақтылапты.
Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қаржылық заң бұзушылыққа жол берген тұсы аз емес. Бұл олқылықтар да отырыста ашық айтылды. Жергілікті қаржылық бақылау инспекциясының мәліметіне қарағанда, аталған департаментте 2011 жылы 4 млн. теңгенің, ал, былтыр 1,3 млн. теңгенің көлемінде қаржы бұзушылығы анықталған. УГ 157/10 мекемесіндегі орын алған кемшілікке байланысты үш қызметкерге сөгіс берілсе, осы салаға қатысты «Еңбек-Атырау» кәсіпорнының директорына 161,8 мың теңге айыппұл салыныпты.
Отырыстың соңында департамент бастығының орынбасары айтылған сынның бәрі ескерілетінін, олардан қорытынды шығаратындарын айтып, сендірді.
Азамат БАЗАРБАЕВ.