Жарнама
Құқық

Сарбаздарға құрмет көрсетті

Атыраудағы Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде салтанатты жиын өтіп, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген 200-ге жуық сарбаз запастағы қатарға қосылды.


Мерекелік рәсімде жауынгерлерге «Батыс» өңірлік қолбасшылығы атынан Алғыс хаттар табысталып, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы адал қызметтері үшін құрмет көрсетілді.
«Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында ерекше көзге түскен алты сарбазға елдің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін арнайы сертификаттар табыс етілді. Құттықтау сөз сөйлеген 5546 әскери бөлім командирі, подполковник Самет Кулахмедов жастардың болашағына сенім білдіріп, білім жолындағы бастамаларына сәттілік тіледі. Ол арнайы сертификаттарды табыстап, әр сарбазға жылы лебізін арнады.
Салтанатты жиынға қатысқан әскери бөлімнің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Лұқпан Өтеков те жас жауынгерлерге өз батасын беріп, азаматтық өмірлерінде де биік белестерді бағындыруға тілектестік білдірді.
Сертификат иелерінің бірі – Ақтау қаласының тумасы, қатардағы жауынгер Олжас Баялы әскердің өмір мектебі екенін айтады.

— Бір жылда нағыз ер-азамат ретінде шыңдалдым. Әскер маған тәртіп пен табандылықтың не екенін үйретті. Бүгін маған бұйырған сертификат – тек марапат емес, үлкен жауапкершілік. Бұл мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, жақсы білім алып, елге қызмет еткім келеді, — деді ол.

Салтанатты басқосуға облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінің басшылық өкілдері де қатысып, сарбаздарға бірлесе атқарған қызметтері үшін ризашылықтарын білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.
Ұлттық ұлан сапында атқарған абыройлы қызмет – әр сарбаздың өмір жолындағы үлкен мектеп. Запасқа шыққан жауынгерлер елге адалдықпен қызмет етудің үлгісін көрсетіп, азаматтық өмірде де қоғамның белсенді мүшесі болуға ниетті.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button