
«Саналы ұрпақ» слеті құқықтық мәдениетке жол бастайды
Атырауда алғаш рет құқықтық білім мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттауға бағытталған «Саналы ұрпақ» клубтарының I республикалық слеті өтті.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов сөз сөйлеп, сыбайлас жемқорлық мәселесінің маңыздылығын және оны шешудегі жастардың рөлін атап өтті. Одан әрі сөз алған облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ерұлан Серікқалиев әділетті қоғам құрудың маңыздылығына тоқталды.

— Бүгінде өңірде «Саналы ұрпақ» және «Адал ұрпақ» еріктілер клубының 21 колледжде, 2 жоғары оқу орнында 700-ден астам мүшесі бар. Осы жылдың 10 айында клуб мүшелері 262 іс-шара ұйымдастырды. Біз баршаңызды осы жастар клубтарының бастамаларын қолдауға шақырамыз. Бірлескен түрде адал және әділетті қоғам құра аламыз,-деді ол.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген белсенділер өз өңірлерінде аталмыш мақсатта атқарылған жұмыстарға тоқталып, сюжеттік және музыкалық қойылымдар дайындады. Слет қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі «Үздік клуб» деп танылды. Ал, екінші орынды Алматы қаласы мен Түркістан облысының колледж клубтары иеленді. Үшінші орын Абай, Қызылорда және Маңғыстау облыстары колледждерінің «Саналы ұрпақ» клубтарына берілді.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің алдын алу ісінде ерекше бастамаларымен көзге түскен белсенді жастар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ