Жарнама
Құқық

Сан соқтырған салғырттық талай адамды опат қылды

Күн суытқалы ұялы телефонға «112»-ден хабарлама келе бастады. Онда газ тұтынушыларына түтін мұржаларының жарамдылығын тексеруді ескерткен. Қамданған қапы қалмасын ескерсек, әрбір тұрғын үйдегі жылу қондырғыларына жауапкершілікпен қарауға міндетті. Өйткені, өрт қауіпсіздігін сақтамау, электр және пеш жабдықтарын пайдалану кезіндегі салғырттық сан соқтырады. Сол үшін жауапты мамандар 15 тамыздан бері халық арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр. Осы жолы біз де Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті және «QazaqGaz Aimaq» АҚ қызметкерлерімен бірге рейдке шығып, біраз жайтқа куә болдық.

«Тілсіз жаудан» абай болыңыз!

Жыл сайынғы жылу беру маусымы 15 тамыз бен 15 сәуір аралығы деп бекітілген. Бұл кезде төтеншеліктер де қауырт жұмысқа кірісіп, халық арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіретін рейдтерді күн тәртібінен түсірмейді. Жоспар бойынша 10 топқа бөлініп, жекеменшік сектордағы шағынаудандарды бетке алдық. Біздің жұмысымыз ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Бағдат Абдуллиннің жетекшілігімен «Жұлдыз-3» шағынауданынан басталды. Көше басында орналасқан үйдің иесі Самат Бердешов өрттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмысына түсіністік білдірді.

– «Өрт – тілсіз жау» деп бекер айтылмаған, жылу маусымы кезінде профилактикалық шараларды өткізу міндетіміз. Рұқсат болса, газ мамандары жылу қондырғысын (котел) тексеріп шықсын, — деді жетекшіміз үй иесіне.

Тексеру нәтижесі бойынша «QazaqGaz Aimaq» АҚ апаттық-диспетчерлік қызметінің бастығы Әділхан Ербатыр бұл үйде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталғанын айтты.

– Жұмыс барысында жеке сектордағы тұрғындар жылу қазанын үйдің ішіне кіреберіске қондыратынын көріп жүрміз. Бұл – дұрыс емес. Сондықтан, үй иелері құрылыс жобасы кезінде жылу жабдықтарына бөлек орынжай қарастыруы тиіс, — деді газ тарату қызметінің өкілі.

Үй иесі пешті өзі қадағалайтынын, үйде кішкентай бала жоқ екенін құлағдар етті. Тұрғынға өрттен сақтану туралы жадынама мен нұсқаулықты ұстатқан жұмыс тобы көршісінің ауласына қарай бұрылды.

Мамандар қолдарындағы құжатқа үңіліп, бұл үйде көп балалы отбасы тұратынын анықтады. Түтін иісін анықтайтын құрылғыны (датчик) тегін орнататын тізімде бар екен. «Кез келген уақытта тұтанған түтін мен газ иісін анықтап, дереу дабыл қағады» деген мамандар есікті ашқан әйел адаммен сәлемдесіп, келген мақсатын түсіндірді.

Пешіңіз талапқа сай ма?

Басқарма бастығы Бағдат Абдуллиннің айтуынша, мақсатты алдын алу іс-шаралары келесі жылдың 15 сәуіріне дейін жүргізіледі екен.

– Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары назардан тыс қалған емес. Сол санаттағы отбасыларды аралап, осы уақытқа дейін 100-ге жуық датчик орнатылды. Құрылғыны тегін орнату әкімдікпен бірлескен жұмыс жоспарында бар, — деді Б.Абдуллин.

Әрине, баспанасының қауіпсіздігіне қожайынның өзі жауапты болғанмен, кейбірі жауапкершілікке немқұрайдылық танытады екен. Құтқарушылар «әр тұрғын жылу қазандығы мен түтін мұржасын тексеріп, қауіптің алдын алса жеке секторда қауіп-қатер азаятын еді» дейді.

– Рейдтің мақсаты – төтенше жағдай мен қайғылы оқиғалардың алдын алу. Өртке қарсы азаматтық қорғау жүйесі пайдалануға берілетін ғимараттар мен тұрғын үйлердің қабылдау комиссиясының құрамына бұрынғыдай қатыспайды. Нысанды жергілікті атқарушы органдар мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ қадағалайды. Біз тек орнатылған пеш қондырғысының заң талаптарына сәйкестігін, жылу қазандығының сапасын қараймыз. Қондырғылар қолдан жасалған, сапасыз болмауы шарт. Егер рейд барысында сәйкессіздік анықталса, тиісті органдарға ұсыныс-хат жолдаймыз. Сондықтан, ғимарат ішінде газдың иісі сезілсе, «112», «104» жедел желісіне хабарласу керек. Олар жылу қондырғыларының ақауын анықтап, шұғыл әрекет етеді, — деп түсіндірді топ жетекшісі.

Сақтансаң – сақтайды

Рейд барысында ауыл тұрғыны Сейілбек Балашев үйіндегі жылу қазандығымен біраз уақыт әуре болғанын айтты.

– «Импорттық зат сапалы болады» деп сатып алған жылу қазандығының «тілін» түсінбей-ақ қойдым. Былтыр қыста өзінен-өзі сөніп қалып, сервистік маманның көмегіне 5-6 рет жүгінуге тура келді. Абырой болғанда, бізде сақылдаған аязы бар қыс жоқ, келген маман «ондай болса жылу қазандығының жарылу қаупі бар» деп ескерткен. «Сақтансаң – сақтармын» дейді, жылу маусымы басталған бойда білікті маманның көмегіне жүгініп, ол қондырғыға диагностика жасап, бағдарламасын жаңартып берді, — деп «жұлдыздық» тұрғын алдағы қысқа дайын екенін мәлім етті.

Бұдан кейін біз тексерген үйлерде бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, жылу қондырғылары, желдету мұржалары мен газ плиталары талапқа сай орнатылмаған. Мұндайда тұрғындардың кейбірі «ұсақ-түйек нәрсе ғой» деп қабылдаған салғырттық сан соқтырмасын деп тілейміз. Өйткені, өрт қауіпсіздігінің кепілі – сақтану. Қарапайым ұқыптылық пен тұрғындардың жауапкершілігі тосыннан болатын өрттен аман сақтайды.

Мұндай рейд барысында үйлерді жылытуға арналған газ жабдықтары, вентиляциялық тұрба мен газ құбырларының дұрыс монтаждалуы, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларына профилактикалық бақылау жасалып, оларға төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік шаралары түсіндіріледі. Тұрғындардың топ құрамындағы газ қызметінің өкілдеріне техникалық ақауды жөндетуге мүмкіндігі болады.

Табиғи газды пайдалану техникалық ережелердің қатаң сақталуын талап етеді. Егер тұншықтырғыш газдың мүлдем иіссіз болатынын, адам өзінің қалай уланғанын сезбей қалатынын ескерсек, тұрғындар жылу пешінің жағдайын тұрақты тексеріп отырғаны жөн.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button