
Сағынышпен қауышқан сәт
Бүгін қоңыр күзге ұласар тамыз айының соңғы күнінде №15 түзеу мекемесінің қақпасы айқара ашылып, талай жүректерге шаттық пен үміт сыйлаған ерекше күн болды. Бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ашық есік күні». Темір тордың ар жағында жүрген адам үшін бұл күн туыстарымен табысып, сағынышын тарқатар, жан дүниесін жылылыққа бөлер сәтке айналды.

Шараны мекеме бастығының міндетін атқарушы, әділет майоры Марал Дүйсембаев ашып, көпшілікке жүрекжарды тілегін арнады.
– Конституция – мемлекетіміздің берік тұғыры. Заңға құрмет – елге құрмет. Бүгінгі шараның басты мәні жазасын өтеушілерге қоғамнан қол үзіп қалмағанын сезіндіру, олардың отбасымен байланысын нығайту. Әрбір адам екінші мүмкіндікке лайық. Біз сол сенімге дәнекер болуымыз қажет, — деді Марал Талғатұлы.
Бұл күні 46 жазасын өтеуші азамат пен олардың 75 жақын-туысы қауышып, ерекше қуанышқа кенелді. Шара алдымен сотталғандардың дайындаған концерттік бағдарламасымен басталды. Одан соң келген қонақтарға олардың тұрмыс-тіршілігі таныстырылып, жатын орындары мен ішкі тәртіп ережелері көрсетілді.
Мерекенің сәнін қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Жігер Ауыпбаев келтірді. Оның жүрекке жеткен әсем әндері жазасын өтеушілерге де, келген қонақтарға да рухани серпіліс сыйлады.

Жазасын өтеп жүрген азаматтың бірі Рахымғали Қарабалин ризашылық сезімін жеткізді.
– Бүгін біз үшін қуаныш пен сағынышқа толы ерекше күн болды. Туған-туысымызбен кездесіп, көзбе-көз сөйлестік. Осындай мүмкіндік сыйлаған мекеме әкімшілігіне айрықша алғыс айтамыз, — деді ол.
Ал қала тұрғыны, жазасын өтеуші азаматтың анасы Мария Бисатова да көзіндегі қуаныш жасын жасыра алмады.
– Ұлымды көріп, бауырыма басқан сәт өмірімдегі ең қымбат күндердің бірі. Шара барысында балаларымыздың жағдайымен танысып, көңіліміз орнықты. Мұндай кездесулер бізге үлкен демеу, алғысымыз шексіз, — деп ағынан жарылды.
Мереке соңында арнайы тігілген қазақы киіз үйде бас қосқан жиналғандар ұлттық тағамнан дәм татып, әсем ән тыңдап, ақжарма тілектерін білдірді.
«Ашық есік күні» жазасын өтеушілер үшін сағынышты тарқатқан, ал ата-ана үшін жүрекке жылу сыйлаған, үмітке қанат бітірген тағылымды шара болып есте қалды.
Майра ЕРҒАЛИ