Съезд шешімдері сот жүйесін дамытады
Жуырда Қазақстан Республикасы Судьяларының ІХ съезі өтті. Астана төріндегі шараға Атырау облысынан делегат ретінде қатысудың сәті түсті. Сот жүйесінің дамып, азаматтардың сот әділдігіне сенімінің артуына мұндай басқосудың қосар үлесі зор. Әр съезде қабылданған шешімдер мен міндеттемелер орындалып, олардың игі нәтижесін беріп жатқанына да көпшілік куә.
Аталған шараға Қазақстан Республикасының Президенті, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары және еліміздің түпкір-түпкірінен делегат ретінде сайланған судьялар қатысты. Президентпен саладағы соңғы кезде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріліп, сот жүйесіне халықтың сенімін одан әрі нығайту үшін нақты мақсаттар айқындалды. Оның бірі – судьяның қандай да бір іс бойынша шешім қабылдау барысында ішкі және сыртқы факторлардан тәуелсіз болуды қамтамасыз ету.
Сондай-ақ Кассациялық сот алқаларының құрылуы, яғни әр жеке немесе заңды тұлғаларға сот төрелігіне қол жеткізу қамтамасыз етіледі. Салада озық технологияларды қолданып, сот отырыстарын тікелей эфирде онлайн форматта жүргізуді нығайту қажеттілігін атап көрсетті.
Сонымен қатар, басқа да баяндамашылармен қазіргі уақыттағы қоғамдағы өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, әкімшілік әділетті кең түрде қолдану, яғни кейбір азаматтық түрде қаралатын істерді әкімшілік сот іс жүргізуіне жүктеуге, қылмыстық істер бойынша сотқа құқық қорғау органдарының ықпалын болдырмау. Ең маңыздысы қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша Заңның үстемдігін қамтамасыз ету.
Аталған жиын қорытындысы бойынша Жаңа Судья әдебі Кодексі қабылданды. Мемлекет басшысының съездердегі тапсырмаларына сәйкес, бүгінде сот жүйесінің ашық және әділ болуын қамтамасыз ету мақсатында белсенді жұмыстар атқарылуда деуге толық негіз бар.
Нұрбол АБДОЛОВ,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы, Судьялар одағы Атырау облыстық филиалы төрағасы