Жарнама
Құқық

ӨРТ КӨП, САРАПШЫ ЖОҚ

Өрттің шығу ошағы, қалай жанғаны, оған біреудің қатысы бар-жоғы сияқты айғақтармен айналысып, кесімді пікір айтуға өкілетті бірден-бір тұлға — өрт-техникалық сарапшы болуы тиіс. Қызық болғанда, Атырау облысында бұл сала бойынша бірде-бір маман жоқ екен. Жалғыз мұнайлы астанада емес, өрт-техникалық сарапшы Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында да кездеспейді. Маманның қатысуы қажет етілетін көлемді өрт оқиғаларында Ақтөбе қаласынан сарапшы шақыртылып, басқа жағдайларда жиналған айғақтар сараптама жасау үшін сол жаққа жіберіледі. 
Атырау облысының ғылыми өндірістік сот-сараптама зертханасының директоры Бауыржан Шайхин бізде өрт-техникалықтан басқа, жарылыс жөніндегі сарапшының да жоғын жеткізді.
Төтенше жағдайлардың бетін аулақ қылсын десек те, тиісті сарапшылардың қай кезде де қол астымызда болғаны дұрыс еді. Бауыржан Нұрбайұлы түсіндіргендей, мұндағы мәселе сарапшы қызметкерлер үшін штаттық бірліктердің аз бөлінуінде. 1997 жылы Әділет министрлігіне қарасты республикалық сот сараптама орталығы құрылғанда сарапшылар үшін барлығы 609 вакансия берілген. Ол кезде Қазақстанда жылына 12 мыңға жуық сараптама жасалады екен. Қазіргі күні жыл сайын жасалатын сараптама саны 72 мыңға жетіп, бір сарапшының жүктемесі 12-ден 76 іске, яғни алты есеге бір-ақ өсіп отыр. Осы себепті, Атырау облысы бойынша қазіргі күні жұмыс атқарып жатқан жиырмаға жуық қызметкер аздық етіп тұр.
Әдетте, сарапшылыққа қаралатын іске қатысты сала маманы тартылады. Айталық, кісінің қолтаңбасын анықтау үшін филолог, экономикалық қылмысты дәлелдеу үшін – экономист, құрылыстағы ақауларды тап басу үшін – құрылысшы, тағы басқалай. Жарылыс жөніндегі сарапшылықты химик, өрт-техникалық сараптамасын төтенше жағдай жүйесі қызметкері атқаруы мүмкін. Штат бөлінген жағдайда да, жауапкершілігі аса жоғары міндетті атқарып кету оңай емес. Ол үшін тікелей тәжірибелі мамандардың қарамағында болатын үш айдан алты айға дейінгі сынақ мерзімі белгіленіп, министрлік жанынан құрылған комиссияның сынынан сүрінбей өткен соң барып сарапшылық куәлігі беріледі.
Сарапшылардың жетіспеуі проблемасы бұған дейін қаралып, тиесілі шешім шығарылыпты. Ол бойынша 2014 жылы сарапшылар бірлігі жүзге дейін көбейтіледі. Бұл тенденция сала мамандармен толықтай қамтылғанға дейін жалғаса түспек. Нақтылай кетейік, өрт техникалық және жарылыс істері жөніндегі сарапшылар міндетті түрде мемлекеттік мекеме жанынан жұмыс істейді. Бұл қызмет түрлерін белгілі себептермен ақылы негіздерде ұйымдастыру қарастырылмаған.
Атырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова ұсынған мәліметке сүйенсек, биылғы жыл басынан бері нақты төрт қасақана өртеу оқиғасы анықталған. Оның бірінде Атырау қаласында көлікті, Жылыой ауданында пәтерді өртеп жіберсе, Исатай ауданында көршісінің қорасын, сол сияқты біреудің қол сөмкесі мен құжаттарын өртеп жіберіпті.
Жақында «Атаба» супермаркетінде болған өрттің шығу себебі электр құрылғыларының ақауынан деп болжануда. Соған байланысты түсінік берген облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Н.Нұғманов сауда орындары мен мейрамханаларда болған тілсіз жауды қалай болғанда да қасақана өртеу деп ұғатын түсінікті теріске шығарды. «Мұндай мекемелердің барлығында дерлік қатаң күзет қойылып, бейнебақылау камералары орнатылған. Сол себепті, бәсекелестері көре алмағандықтан өрт қойыпты деген алыпқашпа сөз үнемі теріске шығып жатады. Көпшілік — көңіл көтеру орындарындағы өрттің басты шығу себебі – техникалық талаптардың дұрыс сақталмауынан деп сеніммен айтуға болады» дейді Н.Нұғыманов мырза.
Құралай ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button