Құрманғазылық азаматтан 28 келіге жуық бекіре өнімдері тәркіленді
Бүгінде бекіре және басқа да балық түрлерін заңсыз аулаудың, олардың айналымын анықтауға және жолын кесу мақсатында Жайық-Каспий бассейні аумағында жыл сайынғы «Бекіре-2024» жедел профилактикалық іс-шарасының күзгі кезеңі жүргізілуде. Жедел іздестіру жұмыстары кезінде Құрманғазы ауданында азық-түлік дүкендерінің бірінде заңсыз балық аулаумен айналысқан 1995 жылы туған ер адам ұсталды. Тексеру барысында салмағы 27 келі 620 грамм болатын бекіре тұқымдас балық өнімдері тәркіленді.
–Аталған дерек бойынша республика Қылмыстық Кодексінің белгіленген баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат заңдылыққа сәйкес жариялануға жатпайды, — дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулет.
Айта кету керек, аталған департаменттің балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері іс-шара барысында тиісті заңдылықтарға сәйкес, 25 азаматқа әкімшілік хаттама толтырды. Қазір Жайық-Каспий бассейнінде қылмыстық іс-әрекеттерді болдырмау және қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар әрі қарай жалғастырылуда.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА