
Қоғамдық қауіпсіздік үшін бет-жүзді жабатын киімдерге шектеу енгізілді
2025 жылғы 12 шілдеден бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін толықтай жабатын киімдерді киюге тыйым салатын заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Заңнамаға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім бостандығын шектемей, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдардың тұлғасын анықтау және қоғамдық тәртіпті сақтау. Ал тыйым адамның бет-жүзін толықтай жауып, тұлғасын анықтауға кедергі келтіретін киім түрлеріне қатысты. Мысалы бетперде, никаб сияқты киімдер. Бет-жүзді жаппайтын хиджаб, шейла, химар, аль-амира секілді киімдерға бұл норманың қатысы жоқ.
Бұл тыйым ауа райының жағдайына, медициналық көрсеткіштерге байланысты қолданылатын киімдерге салынбайды. Сондай-ақ бұл норма Қазақстан Республикасының заң талаптарын орындау, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерді орындау, азаматтық қорғау, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысатын адамдарға қолданылмайды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында интернет-алаяқтық секілді өзге құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша да кеңестер беріп жатыр.