
Қоғамдық орынды өрескел ластаған тұрғын анықталды
Атырау қаласында тазалық ережелерін өрескел бұзған тұрғын анықталып, жауапкершілікке тартылды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз жетекшісі Мейірім Ердәулеттің хабарлауынша, 16 мамыр күні сағат 13:30 шамасында Атырау қаласындағы Абай көшесінде орналасқан дүкен маңында 1999 жылы туған тұрғын қоқыс жәшігіне нәжіс қалдығын төгіп, қоғамдық орынды ластаған. Бұл әрекет «Арнаулы автобаза» ЖШС қызметкерлері тарапынан тіркеліп, Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы расталды.
-Тазалықты бұзған адамның жеке басы анықталып, полицияның патрульдік қызметі арқылы ұсталды. Оған қатысты белгіленген заңдылықтар бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, — дейді М.Ердәулет.
Айта кету керек, кейбір жағдайларда нәжіс қалдықтары тікелей тазалық қызметкерлерінің үстіне төгілген оқиғалар да тіркелген. Мұндай әрекеттер — тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар адамгершілік пен қоғамдық мәдениетке қайшы қылық болып саналады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА