Жарнама
Құқық

Қазақтың «айналайынымен» өстік

Атырау қаласы полиция басқармасы №2 қалалық полиция бөлімінің жедел басқару орталығының кезекші инспекторы, полиция майоры Надежда Кожевникованы жұртшылық жақсы таниды. Өйткені, ол қоғамдық тәртіпті сақтауда  тындырымды еңбек етіп қана қоймай, түрлі шараларға белсенді түрде қатысып келеді.  Мемлекеттік тілге жетік, өзінің ойын еркін жеткізе алады.

–  Надежда Алексеевна, қазақ тілін жақсы меңгеріп алыпсыз…

– Иә, біз Ресеймен шекаралас Құрманғазы ауданындағы ауылда өстік қой. Қазақ тілі маған сол жердің ауасымен, топырағымен, адамдардың мейірімімен сіңген. Тоқсан пайызы қазақ ұлтын құрайтын алақандай ауылдағы адамдардың бәрі туысымдай болып кетті. Әсіресе, қазақ халқының «айналайыны» ерекше ұнайтын. Сол бір ғана сөзде жылулық, бауырмалдық, мейірімділік, жақсы көрушілік сезімдері сыйып тұратын еді. Өзге ұлтты тану үшін – оның тарихы мен тілін білу керек. Өз Отанымның, туған жерімнің ұлттық мұраларына, тіліне, салтына құрметпен қарауды борышым деп білемін.

Мектепті, жоғары оқу орнын орыс тілінде оқып бітірсем де, қазақ тілін ұмытқан емеспін. Себебі, әлі де айналамдағы адамдармен, кызметтестеріммен мемлекеттік тілде сөйлесемін.

– Қазіргі уақытта Атырау қалалық ішкі істер басқармасы жедел басқару орталығында кезекші инспектор қызметіндесіз. Қаланың тәулік бойғы дамылсыз қозғалысы, тынымсыз тынысы сіздің бақылауыңызда ғой…

– Иә, қызмет қырағылықты, жеделдікті, сонымен қатар жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қазіргі уақытта Атырау қаласының көшелерінде 759 бейнебақылау камерасы іске қосулы. Ол құқықбұзушылықтың алдын алып, қылмыстың жолын кесуге зор мүмкіндік береді. Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен бірнеше мыңдаған құқық бұзушылық анықталды, түрлі қылмыс ашылды. Қоғамның тыныштығы мен қаланың қауіпсіздігі үшін өзімді жауапты сезінемін. Материалдық-техникалық жағынан мықты жабдықталған қуатты полиция – ел тыныштығының кепілі екені анық.

– Сіз қызмет ететін мекемеде құжат айналымы қай тілде жүргізіледі?

Облыс ішкі істер органдары түгелдей мемлекеттік тілге көшірілген, аппараттық, жедел кеңестер, өзге де жиындар мемлекетік тілде өтеді. Құжат айналымының 99,6 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Ауызекі сөйлей білумен қатар, құжаттарды сауатты дайындай білуге үйрету мақсатында ІІД жанынан ішкі істер органдары қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқыту курсы өткізіледі.

«Қос тіл – қос қанатың» демекші,  орыс тілімен қатар қазақ тілін де меңгеруім мені қандай ортамен де еркін байланысуыма, қызметімде жетістіктерге жетуіме мүмкіндік береді. Мен мемлекеттік тілде сөйлей алатынымды мақтаныш етемін, оны және биік мәртебе көремін.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button