
«Қауіпсіз жол»: Атырауда 940 құқықбұзушылық анықталды
Атырауда 18-21 ақпан аралығында ҚР ІІМ 1 тоқсанға арналған жоспарына сәйкес республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Мақсат — жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің көлік тәртібін арттыру және жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу. Бұл туралы Атырау облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының м.а. Абзал Әліпқалиев брифинг барысында мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шараға облыс көлемінде ІІО-ның 328 қызметкері, оның ішінде 229 патрульдік полиция қызметкері, 71 учаскелік полиция инспекторы және басқа да 28 қызметкер, сондай-ақ мемлекеттік органның өкілдерінен 20 адам қатысты.
Профилактиканың 2 күндік қорытындысы бойынша 940 құқықбұзушылық тіркелген. Олардың ішінде Атырау қаласы аумағында – 224, қала сыртындағы тасжолдарда – 402, Жылыой ауданында – 92, Құрманғазыда – 27, Махамбетте – 69, Исатайда – 39, Қызылқоға ауданында – 16, Индерде – 48, ал Мақат ауданында 30 жол жүру ережесін бұзу деректері анықталды.
-Екі күнде заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан үш жүргізуші, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзған 19 жүргізуші, шетелде тіркелген көлікті басқарған 27 жүргізуші, жалған мемлекеттік белгімен жүрген бір жүргізуші, рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікпен жүрген 27 жүргізуші, маневр жасау талаптарын бұзған 62 жүргізуші, жолдың қарсы бағытына шыққан 4 жүргізуші, басқару құқығынан айырылған 4 жүргізуші және жол күтіміне жауапты тұлғаларға қатысты 9 құқықбұзушылық анықталды. Сонымен қатар іс-шара барысында 62 көлік құралы ұсталып, арнайы тұраққа қойылды, — деді Абзал Әліпқалиев.