Жарнама
Құқық

Қаржы құрдымындағы қақпан

Халықтың қалтасын қағатын қаржы пирамидалары айылын жияр емес. Ал сол қаржы пирамидасы деген не? Бұл жүйеге кiргендер заңмен қудалана ма?

Көптеген тұрғындар әлi күнге дейiн «қаржы пирамидасы» деген атауды естiгенiмен, оның қандай жүйе екенiнен толықтай хабарсыз.

Қаржылық пирамида дегенiмiз (кейде оны инвестициялық пирамида деп те атайды) – жаңа адамдарды тарту арқылы, солардың қаражаты есебiнен өзге қатысушылардың табысын қамтамасыз ету әдiсi. Яғни, пирамиданың бiрiншi қатысушыларына табыс кейiнгi қатысушылардың салымы есебiнен төленедi. Кейін соңғы қатысушының қаражаты қайтарылмайды.

Қаржылық пирамидаға қарсы заң бар. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрған және оның қызметiне басшылық жасаған адам қылмыстық жауапкершiлiкке тартылып, Қылмыстық кодекстiң 217-бабы бойынша мүлкi тәркiленiп, 3 жылдан 12 жылға дейiн бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, оның қызметiн жарнамалаған адамға әкiмшiлiк жаза да қарастырылған. Ол – жеке тұлғаға 150, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 600 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi айыппұл.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2024 жылы Атырау облысында қаржылық пирамида санатында барлығы 1 іс тіркелсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 4 іс болды.

Атырау облысында орын алған қаржы пирамидасына мысал келтірсек, Дастан және Марат есімді тұлғалар 2021-2022 жылдар аралығында тұтыну кооперативін құрып, халыққа жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу үшін пайызсыз қарыз беру туралы жалған ақпарат таратқан.

Салымшыларды ынталандыру және олардың санын көбейту үшін әрбір салымшыға қосымша 5 адамға дейін салымшы тартқан жағдайда, оған кіру жарнасының 10%, егер 6-10 адамға дейін 20%, егер 11 адамнан көп болса оған 30% төленетінін көрсетіп, халыққа үгіт-насихат жасаған.

Одан әрі кооперативтің белсенді жұмыс жасап тұрғанын көрсету мақсатында салымшылардан салынған қаражатынан бастапқы салымшыға Алматы қаласынан пәтер алып беріп, оны жан-жақты жарнамалап, қарапайым халықтың қызығушылығын туғызады.

Осылайша кооперативке барлығы 365 338 128 теңгені құрайтын 200-дің үстінде салымшы ақша салып, өздері көздеген жылжитын не жылжымайтын мүлікке қол жеткізе алмай, ақшаларынан қағылады.

Осыған байланысты Дастан және Марат есімді тұлғалар Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен айыпталып, Атырау қаласы №2 сотының үкімімен 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Қаржы пирамидасынан қалай сақтануға болады?

Қаржы пирамидасына қосылу азаматтардың еркімен жүзеге асады. Салынған қаражаттың қайтарылуына ешкім кепілдік бермейді.

Қаржы пирамидасының ең басты белгісі – пайда және табыс табуға уәде. Жоғары табысты қамтамасыз ету уәдесі тек бір рет ұйымға тарту үшін орындалуы мүмкін, бірақ одан да көп қаражаттан айырылып қалу қауіпі жоғары.

Екінші белгісі: компания шынайы экономикалық немесе инвестициялық қызметпен айналыспайды. Пирамидалар тауарлық, несиелік, туристік, құрылыс компаниялары ретінде жасырынады. Алайда, шындап келгенде ескі салымшыларға барлық төлемдер жаңа салымшылардың жарнасы есебінен төленеді.

Үшінші белгісі: мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни бұл компаниялар жаңадан құрылған, қаржылық есептілікке ие емес, келісімдер жасамайды немесе келісімдер тек ұйымдастырушылардың пайдасын көздеп жасалған әрі Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес келмейді.

Егер, қаржы пирамидасына қатысты күмәніңіз болса, Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарлау арқылы мән-жайды анықтай аласыз.

Мекенжайы: Атырау қаласы, Абай көшесі, 8.

Байланыс нөмірі: 35-42-10

Оразбай ЖҰМАБЕРГЕН,

Атырау облысы прокуратурасы Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button