Қалың тұманда қалған 1000-нан астам көлікке көмек көрсетілді
13-14 қаңтар күндері Атырау облысын қалың тұман басып, республикалық маңызы бар “Атырау-Орал” және “Атырау-Астрахан” тасжолдарында қозғалыс қиындады. Жолдың тайғақтығына байланысты түнгі уақытта көліктердің қозғалысына шектеу енгізілді.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, патрульдік полиция қызметкерлері қауіпсіздік шараларын күшейтіп, 1000-нан астам көлікті сүйемелдеп, діттеген жерлеріне жетуін қамтамасыз етті.
Сала қызметкерлері жүргізушілерге қай кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігі басты назарда екенін атап айтып, сақтық шараларын сақтау қажеттігін қаперледі.
-Құрметті жүргізушілер! Жолға шықпас бұрын көліктеріңіздің техникалық жағдайын тексеріңіз.
Қолайсыз ауа райы кезінде жылдамдықты азайтып, қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз.
112 қызметінің ескерту хабарламаларына мұқият болыңыз. Жол сақшылары сіздердің қауіпсіздігіңіз үшін тәулік бойы қызмет етуде. Өз өміріңіз бен өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараңыз! Аса қажеттілік болмаған жағдайда алыс сапарға шықпаңыздар. Төтенше жағдай кезінде бірден 102 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз, — делінген аталған департаменттің хабарламасында.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ