
Прокурордың көмегіне жүгінді
Мұнайлы өлкеде инвесторларға арналған «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Бұл шара «Заң және тәртіп» апталығы аясында өткізілді.
Құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың және бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау, инвесторлар үшін қолайлы және қауіпсіз құқықтық орта қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған жиынға өңір инвесторлары қатысты.
–Прокуратура органдары әрқашан заңдылықтың сақталуын қадағалаушы орган ретінде мемлекеттің және қоғамның тұрақты дамуына үлес қосып келеді. Соның ішінде кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау – біздің жұмысымыздың маңызды бағытының бірі. Облыс прокуратурасының сүйемелдеуімен жалпы құны 6,7 трлн теңге болатын 55 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның 18-і іске қосылып, 745 тұрақты жұмыс орны ашылды,-дейді Атырау облысы прокурорының инвестициялық жобалар жөніндегі аға көмекшісі Асланбек Байбусынов.
Сондай-ақ, «прокурорлық сүзгі» шеңберінде 4 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 20 инвестордың мәселесі шешімін тапқан. Құрманғазы ауданындағы «Сев Каспий Фиш» ЖШС директоры Саламат Омаровтың айтуынша, Шортанбай ауылындағы балық өңдейтін зауыт толықтай қайта жаңғыртудан өткен. Осы уақытқа дейін қаржыландыру мәселесінде қиыншылықтар болған. Көптеген келісім-шарт бұзу қаупі болғандықтан зауыт басшылығы облыстық прокуратураның қызметіне жүгінген. «Жобамызды қаржыландыру тез шешімін тапты. Соның арқасында қазір мекеме жұмысына қызу кірісті»,-дейді Саламат Омаров.
Айбөпе САБЫРОВА
Сурет: ortcom.kz