«Полицей болу арманым еді»
Ел тыныштығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген жанның бірі – Махамбет аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ертөре Ертұрлин.
Ол Махамбет ауданына қарасты Ақжайық ауылының тумасы. Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің құқықтану мамандығы бойынша білім алған. Табиғатынан елгезек, әр нәрсенің сырын білуге құштар, талапты баланың арманы – ел тыныштығын сақтау жолында қызмет ету еді.
– Полиция болу – менің бала күнгі арманым болатын. Осы мақсатым алға жетелеп, 2017 жылы ант қабылдадым. Алғашқы еңбек жолым кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы лауазымынан басталды. 2020 жылдан бүгінге дейін Махамбет ауданына қарасты Алға ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып келемін. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген Бауыржан Момышұлының сөзін әрдайым жадымда ұстаймын. Учаскелік полиция инспекторы лауазымы зор жауапкершілік пен шыдамдылықты талап етеді, — дейді тәртіп сақшысы.
Тәртіп сақшысы қызмет барысында алдына қойған мақсатын қандай жағдайда да жүзеге асыру үшін табандылық танытып, саланың міндетін жетік меңгеруге бар күш-жігерін салуда. Осы орайда кез-келген сәтте уақытпен санасуды білмей, қашан да берілген тапсырманы дер кезінде орындап, халықпен кері байланыстың арқасында қызметі үшін марапат пен Алғыс хаттарға ие болған.
Үлкен отбасынан шыққан Ертөре өз шаңырағын Балжан Құламбаевамен құрып, арыстандай 3 ұлды тәрбиелеп отырған мейірбан әке, адал жар. Қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ел ішінде тәртіпті жіті назарда ұстауда талмай қызмет етіп келе жатқан тәртіп сақшысының отбасы татулық пен берекеге толы шаңырақ.
–Жан жарым Махамбет ауданы полиция бөлімінің жасөспірімдер істері жөніндегі инспектор. Қазіргі таңда декреттік демалыста бала тәрбиесімен айналысып жүрген Балжанды жақын арада өз қызметіне кері оралады деп сенемін, — дейді Ертөре Ертұрлин.
Ең бастысы, осындай жауапкершілігі мол мамандықты таңдаған қос жүрек бір-біріне адал, бірі ардақты әке, бірі асыл ана атанып, өз қызметтерін мінсіз атқарып, бір шаңырақтың мызғымас отын жағып отыр.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Махамбет ауданы