«Погонды журналист жобасы»: Жол патрульдік полициясына жүктелген міндет
Осы жылы Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілеріне полицейлердің рөлін сынап көруге және олардың қызметінің барлық қиындықтарын білуге бірегей мүмкіндік беретін «Погонды журналист» жобасы ұйымдастырылды.
Жоба аясында күн-түн демей халықтың тыныштығын күзететін Атырау қаласы Полиция басқармасы Жол патрульдік полициясының қызметімен таныс болдым. Түрлі оқыс оқиғалардың басы-қасында жүретін бұл маман иелерінің бір күндік жұмысы кімді де болсын қызықтырары сөзсіз.
Жол полиция қызметкерлері -қоғамдық қауіпсіздікті сақтап қана қоймай, жол қозғалысын реттеп, жолдағы түрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ашуда аянбай қызмет етуші .
Жұмысқа кірісу үшін таңғы 6-да басталатын саптық жиынға асықтық. Сол сәттен бастап жол-полициясының қызметінің аса жауапкершілікпен атқарылатынына көзім жетті. Әрине, қызметтің қыр-сырын ұғынып, сол жердегі қызметкерлерден ерекшеленбеу үшін арнайы киім үлгісін кидік. Азаматтық киім мен арнайы полиция формасының ерекшелігі айтпаса да түсінікті. Полиция формасы үнемі сақ жүруге ұмтылдыратындай көрінді.
Жұмыс күні табельді тапаншасын алудан басталды. Жол полиция қызметкерін тапаншасыз елестету мүмкін емес. Қару алу өте жауапты іс. Оны жоғалтып алу немесе оқты себепсіз жұмсау — жауапқа тартылатын іс-әрекет. Сондықтан барлық оқты санап, арнайы кітапшаға қол қойдым. Түнгі кезекшілікке шығатын полицейлерден басқа барлық қызметкер таңғы сағат 6:30-да сапта тұрулары қажет. Күндік жоспарын белгілеп, орындалуы қажет жұмыстар тізімін алған соң тәртіп сақшылары жұмыс көліктеріне отырып жоспардағы тапсырманы орындауға жолға шықты.
Әрбір патруль көлігі жолға шығарда бейнебақылау камераларымен жабдықталады. Олар көліктің ішіндегі іс-әрекетті, жол бойындағы қозғалысты толықтай бейнежазбаға түсіріп алады. Бұдан бөлек әрбір полицейдің жеке бейнетіркегіштері болады. Онсыз біз жұмысқа кірісе алмаймыз. Бұл бейнежетон да күні бойы қосулы болуы тиіс.
Атырау қаласында таңғы сағат 8:00–10:00, 13:00 – 17:00, 18:00 – 20:00 аралығында көлік қозғалысы өте тығыз болады. Мұны жол полиция қызметкерлері халықтың жұмысқа баруы, түскі асқа шығуы және жұмыстан қайтуымен түсіндіреді. Біз де полиция экипажымен бірге осындай көшелердің біріне жол тарттық.
Бұл — жедел басқару орталығы. Бұл жерден қаланың кез-келген бөлігін бейнекамера арқылы бақылауға болады. Жалпы, Атырау қаласында 759 бейнекамера үздіксіз жұмыс істеп тұр. Мұндағы полиция инспекторларының міндеті — көшелердегі кептелістерді, заң бұзушылық фактілерін тіркеп, жол полициясы қызметіне рация арқылы тікелей баяндап отырады. Инспекторлар рация арқылы жақын маңда жүрген патрульдік топты оқиға орнына жіберіп, жағдайды бақылауда ұстап отырды. Қала көшелерінің бірінде жүйткіп келеміз. Тапсырма нық. Не болғанын сұрағанда Сәтбаев көшесінің бойында қарама-қарсы келген көк мәшиненің жарық шамы жағылмағанын айтты. Дабылды ести салысымен әлгі көлік жол жиегіне тоқтады. Патрульдік полицейлер оған не үшін тоқтатқанын айтып әлек. Заң бәріне ортақ. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 602-бабының талаптарына сәйкес ескерту берілді. Егер келесіде бұл ісі тағы қайталанса, айыппұл төлеуге тура келеді.
Жол ережесін тек қана көлік жүргізушілері ғана бұзбайды. Жаяу жүргіншілердің тыйым салынған жерлерден жүгіріп бара жатқанын байқаған кездеріңіз болған шығар? Оларды тоқтатып түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қажет болса айыппұл салу да жол полиция қызметкерінің міндетіне кіреді.
Уақыт тоқтамай зулап барады. Біздің де межедегі сағат тілі жақындапты. Иықтағы шені ай жарығымен шағылысқан патрульдік полиция қолына рациясын ұстаған күйі қала берді. Ал біз еңбегіне жеміс тілеп жолымызбен кеттік.
Жол амандығы-Патрульдік полицияның парызы. Осы жоба аясында Жол патрульдік полицейлер өз қызметтерінің жылдам, сапалы әрі даусыз болуымен қатар, экстрималды жағдайда тұрғындарға әрдайым көмек көрсетуге әзір екендігіне көзім жетті. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, жол-көлік оқиғаларының алдын алуда маңызды рөл атқаратын Жол патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тілеймін.
Атырау облысы Полиция департаменті Ішкі және Сыртқы коммуникациялар бөлімі Сыртқы коммуникациялар тобының жетекші маманы
Айша Ерденқызы
Журналистер одағының мүшесі