Жарнама
ҚұқықСарапTimeФОТОГАЛЕРЕЯ

«Погонды журналист» сұмдық қылмыстың сырын ашты (+ФОТО)

Криминал…  Біз осы сөзді естігенде көз алдымызға шытырман оқиғаға толы, қылмыспен күрестің ордасында жүрген фильмдерді елестетеміз. Ал, сіз дәл сол фильмдегідей қылмыспен күресіп жүрген қызметкерлер туралы білесіз бе?! Ішкі істер министрлігінің «Погонды журналист» жобасы аясында мен алғаш рет қаламымды погонмен алмастырып криминалистика саласында қызмет етіп жүрген полицейлермен бірге қызмет атқардым. Алған әсерім экшн кинолардан асып түспесе кем түспеді. 

Қылмысты жасаған қылмыскерлердің әшкере болған әрекеттерін  бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп-оқып біліп жағамызды ұстап жатамыз. Алайда, ол қылмыстың ашылуы мен күдіктінің анықталуы үлкен еңбек пен қырағы полицейлердің кәсібилігіне байланысты екенін ескере бермейміз.  Қылмысты ашып, күдіктілерді анықтау, оқиға орнынан алынған айғақ заттар арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажыратумен айналысып келе жатқан криминалистің жұмысымен мені Атырау облысы полиция департаменті Жедел криминалистік басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрлан Ахметжанов таныстырды. Криминалистердің де қызметі – таңғы 8:30-да басталады. Басшыдан тапсырмаларын алып, қазіргі қызметтеріндегі жаңа ақпараттар туралы баяндалып жатқанда көп термин мен құрылғы атаулары мен үшін түсініксіз болды. Алайда, дүкенге ұрлыққа түскен қылмыскердің жеке-басын саусақ іздері арқылы анықтаған жас криминалистің жұмысымен танысқан соң, саланың салмағын түсінгендеймін. Департаменттегі криминалистер тәулік бойы кезекшілікте болады. Хабарлама түскен бойда қылмыс болған орынға жедел жету, айғақтарды алу, жедел зертханаға жеткізу көп қылмыстың дер кезінде ашылуына ықпал етеді дейді мамандар.

Сиқырлы қобдиша

Басқарма бастығының алдыма қойған қызметтік чемоданы жедел-криминалистік топ мүшелерінің хабарлама бойынша барған кезде өзімен бірге алып барып, айғақ заттарды анықтауға көмектесетін қобдишасы екен. Хабарлама бойынша барған криминалистің жауапкершілігінде анықтау қажет көп фактілер жүктелген. Қылмыстың болған уақыты, мезгілі, қылмыс жасалған құрал, оның зертханаға жеткізілуі және әр дерек бойынша қорытындылар шығару – бұл қателікті қабылдамайтын жұмыс түрі. Осының барлығын атқару үшін криминалистке осы «сиқырлы қобдиша» көмектеседі.
      Бала күнінен полицей болуды армандаған Жәрдем Тағаев бүгінде Атырау қалалық полиция басқармасында қызмет етеді. Осы саланың маманы – ішкі істер органдарында қызмет етуді мақтаныш тұтады. Тілдесу барысында оның бойындағы тұрғындарға көмектесудің негізгі ұстанымы екенін аңғаруға болады. Айтуынша, басқармада 8 жылдан бері қызмет етіп келеді. Әр сараптамаға материал берер алдында, оның сол қылмысты ашуда, қылмыскер әрекетін дәлелдеуде бұлтартпас дәлел болатынын білгендіктен ағаттыққа жол бермеуді, басты назарда нақты қорытынды шығару тұрады деп ойын жеткізді. Қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген полиция майоры Жәрдем Тағаевты басшылық үздік криминалист ретінде Ішкі істер министрлігінің марапатына ұсыныпты.

Криминалистика – сан-қырлы сала тоғысы

Басқарма бастығы Нұрлан Ахметжановтың айтуынша, жас мамандарды алдымен жан-жақтылық пен қырағылыққа баулиды екен:

  • — Кейбір криминалистикалық зерттеуді жүргізу барысында математика, физика, химия ғылымдарын білуі қажет. Мысалы «полиграф» құралының көмегімен арнайы психофизиологиялық зерттеулер жүргізу үшін криминалист психологияны жетік білуі қажет. Баллистикалық зерттеулерді жүргізу үшін физика мен химия ғылымдарын толық меңгеріп, заңдылықтарын қолдана білуі керек. Фотографияның өзі қазіргі заманда үлкен салаға айналған. Оның өзін фотосуреттерді пайдалана отырып айғақтар келтіру, қылмысты ашуда пайдалана білуге машықтану да кәсіби шыңдалудың бір түрі – дейді, Нұрлан Өтегенұлы.

Криминалист естелігінен

Жедел крминалистика басқармасының бастығы Нұрлан Ахметжанов иыққа погон таққа журналистке өз естелігімен де бөлісті. Айтуынша 2011-2012 жылдары Атырау қаласында зергерлік дүкендерге атыс қаруын пайдалану арқылы бірнеше қарақшылық шабуылдар жасалып және ірі көлемде бірқатар пәтер ұрлығы орын алды. Бұл үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Қылмыстарды ашуға жедел уәкілдермен қатар жедел-криминалистикалық және тергеу бөліністерінің тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылды. 

Криминалистер оқиға орнында қалдырылған іздер мен заттай дәлелдемелерді жіберіп алмауға тырысып, тианақты жұмыс атқарды. Оқиға орнын қарап тексеру кезінде алынған қол іздерін автоматтандырылған дактилоскопиялық сәйкестендіру жүйесіне енгізіп тексеріп, ол оң нәтиже бермеді. Алайда, тексеру кезінде, оқиға орнынан бір-біріне ұқсас қол іздері алынғаны анықталды.
Бұл полиция қызметкерлерін қалада бір адамдар қылмыс жасайды деген ойға әкелді. Бұл жағдай қарақшылық шабуылдарды бір қылмыстық іске біріктіруге себеп болды. Тергеу барысында анықталғандай, қарақшылар әрқашан арнайы жұмыс киімінде «іске» келген. Полиция қызметкерлері вахталық жұмыс әдісіне қатысы бар азаматтардың және басқа өңірлерден келген адамдардың «контингентін» пысықтай  бастады.

Сонымен қатар, криминалистер күдікке ілінген адамдардан алынған қол іздері үлгілерін (дактилокарталарын) АДАЖ мәліметтер базасы бойынша тексерді. Тексеру барысында оқиға орнынан тәркіленген іздер жергілікті емес азаматтарға, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген қылмыскерлерге (гастролерлерге) тиесілі екені анықталды. Аталған ұйымдасқан қылмыстық тобын  Атырау – Алматы бағытындағы пойызда, Мақат аудандық  станциясында ұстады. Тінту кезінде, олар ұрланған зергерлік бұйымдарды, қылмыс құралы – екі ұңғысы кесілген аңшылық қаруды тапты. Дактилоскопиялық сараптама жүргізілгеннен кейін ұсталғандардың барлық қарақшылық шабуылдарға және бірқатар ірі көлемдегі ұрлықтарға қатысы бар екендігі дәлелденді. Егер тонаушылар қалдырған іздері алынбаған жағдайда,  онда олар жазасыз қалуы мүмкін еді. Криминалист мамандардың тиянақты жұмысы арқасында қылмыскерлер құрықталып абақтыға қамалды -деді, Н.Ахметжанов.

Нысанды киім киіп, ерекше салада қызмет ететін криминалистердің қатарында болудың өзі мен үшін үлкен жауапкершілікке толы тәжірибелердің бірі болды. Заманауи құрылғылардың мүмкіндіктерінен бөлек зертхананы игерген қызметкерлердің қырағылығына қызығып қана қоймай, қоғам тыныштығының күзетінде осындай мамандардың барын білгенде кеудемді зор мақтаныш кернеді. Ғылымның сан тарауын елге қызмет ету үшін меңгерген тәртіп сақшыларына алдағы қызметте абырой мен жетістік тілеп қайттым.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ

img 20220915 wa0030
img 20220915 wa0027
img 20220915 wa0033
img 20220915 wa0032 1
img 20220915 wa0035
img 20220915 wa0034

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button