Жарнама
Құқық

Подполковник Руслан НИЕТАЛИЕВ: «ӘСКЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІ БИІКТЕДІ»

Департамент басшысымен шағын сұхбатымыз, әйткенмен, жеткен жетістіктер туралы емес, негізінен әскерге шақыру науқанына қатысты өрбіді. 

— Бүгінде еліміздің Қарулы күштеріне ерекше назар аударылып отыр, — деп бастады сөзін подполковник Руслан Шәріпұлы. — Әскеріміздің қуаты өсіп, қанаты қатайғанын осы орайда айтуға болады. Қазір жауынгерлік сапта келісім-шарт арқылы қызмет жасағысы келген жандар көбеюде. Мәселен, биыл 234 адам жұмысқа тұрып, жергілікті әскери құрылымдарда еңбек етуде. Оның қатары болашақта өсе түспесе, кемімейтіндігі анық.

Келісім-шартпен қызмет етуге тілек білдірушілердің көбеюіне не себеп?

— Менің ойымша, оған осындай негізде жұмыс жасауға мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қамқорлықтың себебі бар деп ойлаймын. Соның бір көрінісі ретінде тоқталсам, баспанаға мұқтаж жандар әскерге келіп, ойлағанына қол жеткізіп жатыр. Мемлекет үй жалдап жүргендерге немесе көшіп келгендерге үлкен қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, әскерилердің балалары балабақшаға кезексіз орналастырылады. Әскери еңбек өтілі сегіз жылдан асқан жағдайда емделу орындарындағы шығынның 50 пайызын Үкімет төлейді. Әрине, айта берсе мұндай игі шаралар аз емес. Бастысы, осының өзінен мемлекеттің погондыларға зор қолдауын  көруге болады.

Кезекті әскерге шақыру қалай ұйымдастырылып отыр? Науқанды ұйымдастыруда қандай жаңалық бар?

— Басты жаңалық, әскерге алынушыға қатысты. Бұрын жастар өздерінің күнделікті киетін киімімен Отан қорғауға аттанып кете беретін. Ал, қазір олай емес. Әскер қатарына шақырылушы үш күн біздің қорғаныс жөніндегі департаментте болып, дайындалады. Яғни, оның шашы алынып, үстіне бірыңғай жаңа киім кигізіледі. Жергілікті әкімдіктің көмегімен «Ақсұңқар» деп аталатын психодиагностикалық аппарат алынған болатын. Соның көмегімен жастар терең зерделеуден өтеді.

Ал, әскерге шақыру науқанына байланысты айтсам, құрылған комиссияның төрағасы облыс әкімінің орынбасары болып табылады. Мен – комиссия төрағасының орынбасарымын. Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, денсаулық сақтау департаментінің өкілдері, дәрігерлер, теолог, ауған соғысының жауынгерлері, тағы басқалары бар комиссия жылдағыша өз қызметін жүйелі түрде атқарып отыр.

Дегенмен, осыдан бірер жыл бұрын бізден аттанған кейбір жастың әскери бөлімде қайтара тексерілгенінде денсаулығынан кінәрат шыққаны, елге қайтарылғаны бар. Мұндай келеңсіздік биыл қайталанған жоқ па?

— Комиссия мүшелеріне бүгінде қойылып отырған талап тегеурінді. Мұндай жағдай алдағы уақытта қайталанбайды деп сеніммен айтуға болады. Өйткені, қазіргі аппараттардың мүмкіндігі әскерге шақырылушы жас ауруын жасырып тұрса да, толық анықтап береді. Басты айтары, биыл аталғандай дерек тіркелген жоқ.

Мүмкіндікті пайдаланып, мен мынаны айтсам деп едім: Қазір әскердің мәртебесі шынымен биіктеді. Жастар Отан алдындағы әскери борышын өтеуге ұмтылуда. Мемлекет қорғанысты қамтамасыз ету үшін жағдай жасап жатыр. Келесі жылдың сәуір айында Астанада алғаш рет әскери патриоттық клубтардың үлкен шарасы өтпекші, оған Елбасының өзі қатынасады деп күтілуде. Бұған да дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мұның бәрі еліміздің Қарулы күштеріне ерекше маңыз берілгенін байқатады. Сондықтан, ортақ мақсат жолында алдағы уақытта жергілікті ақпарат құралдарымен, оның ішінде облыстық «Атырау» газетімен тығыз байланыс жасаймыз деп сендіремін.

 Жазып алған

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button