Жарнама
Құқық

«Пиротехника» профилактикалық іс-шарасының нәтижесінде 33 әкімшілік іс қозғалды

2024 жылдың 14 желтоқсаны мен 2025 жылдың 1 қаңтары аралығында пиротехникалық дүниелерді заңсыз сату және пайдаланудың алдын алу, сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Пиротехника» профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесе жүргізілген рейд барысында 33 құқықбұзушылық анықталды. Заң бұзған жеке кәсіпкерлерге жалпы сомасы 1 млн. 522 950 теңге көлеміндегі айыппұл салынды.

Бұл туралы Атырау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Берденов баспасөз брифингінде мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

– Жаңа жыл мерекесі қарсаңында пиротехникалық дүниелерді дұрыс қолданбаудың салдарынан қайғылы жағдайлар жыл сайын қайталанады. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты — тұрғындардың қауіпсіздігі. Сондықтан қаладағы ірі сауда орындары мен базарларда полиция департаментімен бірлесе күнделікті рейд жүргіздік. Нәтижесінде, заң бұзушылықтар анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қолданылды. Анықталған құқықбұзушылықтардың басым бөлігі пиротехникалық бұйымдарды рұқсатсыз сату және қауіпсіздік ережелерін сақтамауға байланысты. Атқарылған профилактикалық шаралардың нәтижесінде жаңа жыл кезінде өрт оқиғасы тіркелген жоқ,- деді Д.Берденов.

Денсаулық сақтау қызметкерлерінің мәліметінше, пиротехниканы дұрыс пайдаланбау салдарынан жарақат алғандар мереке күндері жиі тіркеледі.

– Пиротехниканы дұрыс қолданбау салдарынан дене күйіктері, көз жарақаттары және қолдың зақымдануы жиі кездеседі. Былтырғы жаңа жыл мерекесі кезінде өңірде пиротехникалық дүниелерді пайдаланудың салдарынан 5 адам медициналық көмекке жүгінді, оның екеуі ауруханаға жатқызылды. Ал биыл ондай жағдай тіркелмеді, — деді фельдшер Ертілек Жеңісов.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button