Жарнама
Құқық

ӨЗГЕРІСТЕР ӨМІРДЕН ТУЫНДАЙДЫ

Семинарды департаменттің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Б.Юсупов ашып, шараның мақсатын атап өтті.Департаменттің мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасының бөлім басшысы Г.Мүсірепова бюджеттік сыныптама кодына қатысты енгізілген өзгерістерден хабардар қылды.

Семинарда мемлекеттік қызмет көрсетулер басқармасының басшысы Э.Искалиева бақылау-кассалық машиналардың қолданылуы туралы айтты. Биылғы жылдың шілде айынан бастап ҚР Салық кодексінің 645-бабына сәйкес, бензинді (авиациялықтан басқа), дизелді отынды, алкоголь өнімдерін көтерме және (немесе) бөлшек сауда арқылы өткізуді жүзеге асыратын салық төлеушілер ақшамен есеп айырысу кезінде мәліметтерді жіберу функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды қолдануға міндетті. Аталмыш норма салық төлеушілердің мемлекеттік органдармен байланысын азайту үшін, сондай-ақ, көлеңкелі сауда айналымын болдырмау мақсатында енгізілген. Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тексеріске шықпай-ақ, серверге келіп түсетін деректерге талдау жүргізе алады.           

Департаменттің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Б.Юсупов былтыр басталған мүлікті жария ету науқанына байланысты жүктелген мақсат-міндеттерді атап өтіп, Қазақстаннан тыс жердегі мүліктерді жариялау тәртібімен таныстырды.

Былтыр қыркүйек айында басталған жария ету науқаны мемлекеттің алға қойған мақсатты бағыттарын  басшылыққа алады. Ел аумағында орналасқан мүлікке ие болу құқығын заңдастыру бірінші міндет болып табылады. Мұның өзі қолайлы әлеуметтік ахуалды туындатып,  тіркелген мүлік банктерде және басқа жағдайларда кепілге қоюға мүмкіндік беретіндіктен халыққа айтарлықтай жеңілге түседі.

Екінші міндет заңды айналымнан шығарылған ақшалай қаржыны экономикаға тарту болып табылады. Үшінші міндет – жаппай декларациялауға дайындау және шетелдерде мүлкі бар салық төлеушілерді есепке алу. Бүгінде жүріп жатқан жария етудің басты мақсаты – мүлкін жария етушілерге экономиканы әртараптандыруға инвестор болу және қатысу мүмкіндігін бере отырып, халықтың жасырын активтерін экономикалық айналымға тарту.

Бүгінгі күні Атырау облысында 624 өтініш жария етілді. Жарияланған мүлік құны 5,0 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде 5,1 млн. теңгені құрайтын бір мүлік шет елде тіркелген.

Шетелдерде орналасқан мүлікті жария ету аталмыш іс-шараның маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Департаменттің жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының бас маманы И.Қадыров электронды-шот фактураларының тиімді екенін түсіндірді. Бұған дейін қаржы саласындағы есептік-түбіртек, яғни, шот-фактура қағаз түрінде қолға беріліп келсе, енді электронды шот-фактура жүйесін пайдалануға мүмкіндік бар. ЭШФ-ны қолданысқа енгізу тауарлар мен әртүрлі атқарылған жұмыстар және қызмет көрсетулер туралы мәлімет берушіге ақпаратты өңдеуге кететін уақыт пен шығындардың аз жұмсалуына (оператордың қызмет шығындары, қағаз, принтер, қаптама, пошта маркалары, әр тоқсан сайын шот-фактураларды толтырып тапсыруға және оларды салық органдарына жолдауға кеткен уақыт) мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл қосымша құн салығын төлеуден жалтарып отырған компанияларды еш қиындықсыз табуға септігін тигізбек. Әрі электронды жүйе қосымша құн салығының бюджетке толық түсуіне де жол ашатын болады.

«Әуежай-Атырау» кеден бекеті басшысының орынбасары Ә.Өтегенов жеке тұлғалардың тауарларын Кеден одағынан өткізу ережесін түсіндірді. Биылғы жылдың мамыр айында ҚР Қаржы министрінің осы ағымдағы жылдың 31 наурыздағы «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғалар өткізетін тауарларды жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызудың критерийлерін бекіту туралы» бұйрығы күшіне енген болатын. Аталған бұйрық адамдардың өздерімен бірге алып жүретін және тапсырылатын багаждағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларын өткізуімен байланысты туындайтын құқықтық қатынасты реттейді.

Аталған бұйрықтың нормалары тасымалдаушы жеке тұлғаның мекен-жайына жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарларға және заңнамалық нормаларға сәйкес, Кеден одағының кедендік аумағына халықаралық пошта жөнелтілімдерінде жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты қолданылмайды.

Семинар соңында департамент мамандары салық төлеушілердің сұрақтарына жауап берді.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button