
Отан алдындағы борыш – ең қастерлі міндет
Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауын біз, жас сарбаздар, ерекше ықыласпен қабылдадық. Президент айқындап берген даму бағыттары – еліміздің болашағын айқындар тарихи қадам. Бұл жолғы Жолдау халық бірлігін нығайтып, жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа және тәртіпке үндейді.
Қазір Ұлттық ұлан қатарында борышымды өтеу – мен үшін үлкен мақтаныш. Бізге жүктелген міндет – ел тыныштығын күзету, мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – әрбір сарбаз үшін қастерлі парыз. Президентіміз атап көрсеткендей, жас буын елдің тірегі болуы тиіс. Осы сенім бізге зор жауапкершілік жүктейді.
Әскердегі әрбір күн бізді шыңдап, нағыз азамат болуға тәрбиелейді. Біз Отан алдындағы антымызға берік болып, бейбіт өмірді қорғау жолында аянбай қызмет етуге дайынбыз. Елдің ертеңіне сеніммен қарауымыздың басты себебі де – халық пен мемлекет басшысының бірлігінде.
Біз, Ұлттық ұланның жас сарбаздары, Жолдауда белгіленген бастамаларды қолдай отырып, Қазақстанымыздың тұрақтылығы мен өркендеуі жолында қалтқысыз қызмет етуге әрдайым әзірміз.
Әділет ДӘУЛЕНОВ,
ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығы, 5546 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері
Атырау қаласы