Жарнама
Құқық

ОТ ПЕН СУДАН САҚТАНУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

СУДАН КЕЛЕР ҚАУІП КӨП

Шомылу маусымы әлі басталған жоқ. Соған қарамастан қазірдің өзінде облыста 7 адам суға кетті, оның төртеуі – бала. Облыстық суда құтқару қызметінің бастығы Ершат Қибашев көлденең оқиғалардың жиілеуін қауіпсіздік шараларының сақталмайтындығымен, үлкендердің балаларды қараусыз қалдыратындығымен байланыстырып отыр.
— Суға шомылу кезеңінде адамдардың қазасына жол бермеу үшін барлық шараны жасаудамыз. Суда құтқару қызметінің 4 құтқару стансасы, 3 құтқару бекеті, сонымен қатар 46 бірлік жеке құрамы жоғары дайындықта тұр, — деді Ершат Исатайұлы.
Облыстың бас суда құтқарушысы тұрғындардың өз өмірлеріне соншалықты салдыр-салақ қарайтынын қынжылыспен айтады. Мәселен, әуесқой балық аулаушылар айдынның бетіне резеңке комбинезон, үрмелі қайықпен шығады екен. Өз кезегінде мұндай жүзу құралдарының резинасы өте жұқа, сапасыз материалдан жасалатындығы анықталуда. Су бетіндегі ағашқа тиіп, тез жыртылады. Соның кесірінен адамдардың өміріне қауіп төнуде.
Күннің қатты ысып кетуі жұртты суға түсуге итермелейтіні рас. Бірақ, облыс аумағындағы жағажайлар әлі жұмыстарына кірісе қойған жоқ.
Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев «тілсіз жаудан» келер қауіпке қарсы тұру бүгінгі басты мәселелердің біріне айналғандығына тоқталды.
— Тиісті орындар, жергілікті әкімдер бұл жағдайға айрықша маңыз беруі қажет. Өйткені, бұл адамның өмірі. Біз өз кезегінде қажетті шараларды жасаудамыз. Бюджеттен қаражат бөлініп, құрал-жабдықтар жеткізілуде. Судағы төтенше оқиғаларға жол бермес үшін өткен жылы 1 катер, 3 үрмелі және 8 моторлы қайық, гидрокостюмдер алынды, — деді Сәлімжан Жұмашұлы.
Облыс әкімінің орынбасары аудандарда 3 модульдік бекет жасақталғандығын, оның санын әлі көбейтіп, ортақ іске медициналық қызметкерлерді де тарту қажеттігіне көпшіліктің назарын аударды. Айта кетейік, 2012 жылы 26 адам суға кетсе, былтыр ол 14-ке кеміпті. Биыл оның қатары қазірдің өзінде 7-ге жетіп отыр.

ДАЛА ӨРТІНІҢ АЛДЫН ҚАЛАЙ АЛАМЫЗ?

Жаз мезгілінде дала өрті жиі тұтанатыны белгілі. ТЖД мемлекеттік өртке қарсы бақылау басқармасының бастығы Сәлімғали Салықбаевтың әңгімесіне қарағанда, 2012 жылы Атырау қаласы мен Құрманғазы, Қызылқоға аудандары аумағында 4 орман, 2 дала өрті тіркелген. Былтыр қаламен қоса Индер ауданында үш орман, екі дала өрті орын алыпты. Биыл мұндай оқиға Құрманғазыда болған.
Дала өрті, әсіресе, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарында жиі кездеседі екен. Мұның себебі аймақтардың шалғай орналасқандығы, жеткілікті техникамен қамтылмағандығымен байланысты. Соның көрінісіндей, тікелей бейнежелі арқылы байланысқа шыққан Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқанов өрт сөндіруге қажетті техниканың жеткіліксіздігін жасырмады. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев аудандардан тапсырыс түссе, керекті дүниелерін алып беруге мүмкіндік барын айтты.
Жуырда (анығын айтқанда, 28 сәуірде) Құрманғазы ауданында үлкен өрт болды. Ол алғашқыда 100 гектар қамысты, одан соң 1,5 гектар ағаш-теректі шарпыған. «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекеме еңбеккерлерінің қажырлы еңбектері арқасында қызыл жалынның беті зорға дегенде қайтыпты. Ал, ол бой бермей кетсе қайтер еді?! «Олай болуы да мүмкін» дейді құтқарушылар. Өйткені, айдаладағы өртке жедел жетуге департаменттің өрт сөндіру бөлімшелерінің мүм-кіндігі келе бермейді. Аралық өте алыс, оған тез жететін жол да жоқ», — дейді төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері.
Проблеманың басты түйінінің бірі – ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемелерінің жағдайының нашарлығы. Өртке қарсы күрес үшін қажетті құрал-жабдықтары әбден ескірген. Үш мекеменің біреуінде ғана 1984 жылы шыққан өрт сөндіру көлігі бар. Бірде-бірінде өрт-химиялық бекеттер құрылмаған. Абырой болғанда, жергілікті жұрттың жанқиярлығы нәтижесінде өрт сөндірілуде. Дегенмен, «тілсіз жау» осы аралықта қаншама тал-теректі, шөпті жалмап үлгереді, орасан шығынға ұшыратады. Мәселенің мәнісін білетіндер «жергілікті жердегі құрылымдарға керекті жабдығы алынып берілсе, оны уақтылы ауыздықтауға мүмкіндік туар еді» дейді.
Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысында осындай мәселелер ашық айтылды. Сонымен қатар, жергілікті жердегі эпидемиологиялық, эпизоотиялық жағдайлар, қорғаныс бекеттерінің жайы да талқыға салынды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button