ӨМІРІҢДІ БАҒАЛАЙ БІЛ!
Өзін өмірден қасақана айырудың себептері әртүрлі. Көп жағдайда өзін-өзі өлтіруге өміріндегі қиындықтар, келешектен күдер үзуі себеп болып жатады. Депрессивті жағдайлардың салдарынан да адам өзін-өзі өлтіруі мүмкін.
Бұл Алланың кешірім, мейірімінен, рақымынан қол үздіретін ауыр қылмыс болып табылады. Алланың соңғы елшісі, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірқатар хадистерінде өзін-өзі өлтірген адамның ақыреттегі азабы жайлы хабар берілген. Солардың бірқатарына тоқталсақ:
«Кімде-кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, жәһаннамда қолына темір алып, мәңгі-бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал, кімде-кім у ішіп өлсе, жәһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал, кім өзін таудан тастап өлтірсе, жәһаннамда да өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады» (Бухари, Мүслим). Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріптердің тағы бірінде: «Кім дүниеде өз жанын қандай затпен қиса, қияметте сол затпен азапталады», — делінген.
Иә, өзін өлтіру – қиындықтан құтылудың жолы емес, керісінше өзін-өзі тілмен жеткізіп болмас ауыр азаптарға лақтыру деген сөз. Дінге сенімі бар адам өмірдің қиындықтарын сынақ деп біледі. Әрбір қиындықтан кейін жеңілдіктің келетініне сенеді. Құдайдан үмітін еш үзбейді. Сабыр етеді. Ең қиын сәттерде де өзін өлтіруге бармайды.
Кез келген ауыртпашылық бүгін жан шыдатпастай болып көрінгенмен, ертең-ақ соншалықты дәрежеде қорқатындай емес екендігі анықталып жатады. Уақыт өтуімен кез келген қиыншылық ұмытылады. Бір мәселенің орнына жаңа мәселелер келеді. Бұрынғысы естен шығады. Бұл дүниенің заңы сондай. Сондықтан, өтпелі қиыншылықтар үшін Алланың адамға берген өмір атты ұлы аманатына қиянат жасауға бола ма? Өзімізді ауыр азапқа тастауымыз жөн бе? Жалпы, дініміз исламда адамның өзін-өзі өлтіруі бұлай тұрсын, тіпті өз-өзіне өлім тілеуіне қатаң тыйым салынған.
Алла Тағала фәни дүниенің сынағына шыдаған адамға тосын сый беретінін айтып қасиетті Құранда: «Кім Алладан шын қорықса, Алла оны кез келген қиындықтан құтқарады және күтпеген жерден ризық-несібе береді»,- делінген. Мұны да естен шығармайық!..
Батыржан МАНСҰРОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы, орталық «Иманғали» мешітінің
бас имамы.