НЕНДЕЙ ПІКІР АЙТАСЫЗ?
Қорыта айтарым, жергілікті полиция – өмірдің қажеттілігінен туған құрылым. Сондықтан, тың бастаманың өміршең болатындығына толықтай сенімдімін.
Радмир БАЛТАЕВ, Атырау қалалық ішкі істер басқармасы №1 қалалық полиция бөлімшесінің инспекторы:
— Құқық қорғау саласында еңбек еткеніме биыл төрт жыл толады. Былтырғы мамыр айынан бастап учаскелік инспектормын. Осы аралықта байқағаным, учаскелік инспектордың күнделікті қызметі өте күрделі. Таңертең бөлімшеде өткізілетін жиналыста нұсқау алған ол бар уақытын жедел жүзеге асуы тиіс шараларға жұмсайды. Оның ішінде тұрғындардан түсетін арыз-шағымдармен жұмыс басты орын алады.
Дегенмен, жаңадан құрылып жатқан жергілікті полиция қызметінен үлкен үміт күтеміз. Өйткені, жергілікті учаскелік инспекторларға қатысты шешілмеген мәселелер аз болмай тұр. Мысалы, мен өзімнен басқа екі қызметкермен бірге қала іргесіндегі Рембаза, Сарқамыс, Гауһартас, Жұмыскер 1 және 2, Балауса, Еркінқала 1, 2 секілді жаңадан пайда болған мөлтек аудандар бойынша қызмет атқарамыз. Бұл – үлкен аумақ. Тек Жұмыскер 1,2-нің өзінде 17 мың адам тұрады. Ауқымды жерді алып жатқан елді мекендердің тұрғындарынан күн сайын кем дегенде 10-15 арыз-шағым түседі. Сол құжаттар бойынша жедел шешім қабылдау оңайға түспеуде.
Амангелді АБДОЛОВ, облыстық мәслихат депутаты:
— Жергілікті полиция қызметін құру – Елбасының Ұлт жоспарында көрініс тапқан басты міндет. Бүгінде оны іске асырудың маңызы өте зор. Бұл қызмет қоғамдық тәртіпті қорғауды, тұрмыстық қылмыстармен күресуді, жол-патрульдік қызметіне жауаптылықты күшейтеді. Сала мамандары жергiлiктi халықпен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, ұсақ заң бұзушылықтарға нөлдiк төзiмдiлiк режимiн қамтамасыз етуді арттырады.
Айта кету керек, жергілікті полиция қызметі ішкі істер органдары құрылымында қалып, оның бірыңғай құқықтық мәртебесіне ие болады. Бірақ, олар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
Жергілікті полиция қызметін құрудың басты ерекшелігі –халық пен құзырлы орган өкілдері арасында тығыз қарым-қатынас орнайтындығы. Өйткені, басшылары жергілікті мәслихат пен халықтың алдында жыл сайын есеп беріп отырады.
Ғалымжан ҚАЗИХАНОВ, құқық қорғау саласының ардагері:
— Бұрын кеңес одағы кезінде қоғамның тыныштығын қамтамасыз етуде учаскелік полицейлер халықпен етене араласатын. Әрбір үйдің тұрғындарын тізімге алып, қадағалап, тыным таппайтын. Сол уақытта сала мамандары санының аздығына қарамастан, жұмыстары нәтижелі болды.
Бүгінде полицейлердің қатары бұрын-ғыдан әлдеқайда артты. Оның үстіне әлеуметтік жағдайлары жақсарды. Әрқайсысы қызметтік көлік, бейнекамера, дыбыс өлшегіш құрылғыларымен қамтылған. Енді жергілікті полиция қызметі құрылса, қоғамдағы тәртіп қатаң сақталары анық. Сала мамандары өз міндеттеріне атүсті қарамай, қызмет барысында тиімді әдіс-тәсілдерді пайдаланса, жұмыс сапасы одан әрі артады деп сенемін.