
Мұра болған міндет
Ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті сақтау жолында қызмет ету – кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтін мәртебелі міндет. Мұндай жауапкершілікті ұрпақтан ұрпаққа жалғап, құқық қорғау саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан әулеттер санаулы. Солардың бірі – Атыраудағы Иманғалиевтер әулеті. Бұл отбасының үш буын мүшесі ішкі істер органдарында табанды қызмет атқарып, өз өмірін қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға арнап келе жатыр. Ата жолын ардақтап, әке аманатына адалдық танытқан Иманғалиевтер – жас ұрпақ үшін нағыз отансүйгіштік пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі.
Тыл және ішкі істер органдарының ардагері, милиция подполковнигі Сәлім Иманғалиев 1916 жылы Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауылында дүниеге келген. Ел басына күн туған алмағайып заманда азаматтық ұстанымын айқын көрсетіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолына түскен Сәлім ақсақал еңбек жолын 1944 жылы Мақат аудандық милиция бөлімінің жедел уәкілі болып бастапты. Содан бастап қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың алғы шебінен табылған Сәлім Иманғалиев Мақат, Есбол (қазіргі Индер), Жылыой аудандары мен облыстық күзет бөлімінде басшылық қызметтер атқарды. Қай жерде де әділет пен тәртіптің туын биік ұстап, ел сеніміне ие болды.
1974 жылы милиция подполковнигі шенімен зейнетке шыққан Сәлім ақсақал ұзақ жыл бойғы адал еңбегі үшін «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды. Оның есімі бүгінде қазіргі буын арасында зор құрметке ие. Атырау қаласының Махамбет көшесіндегі өзі тұрған №114 үйдің қабырғасына орнатылған мемориалдық тақта – соның айғағы.
Сәлім Иманғалиевтің өмірлік ұстанымын жалғап, құқық қорғау қызметін таңдаған ұлы Кеңес Нұриденов 1981 жылы Атырау қалалық ішкі істер бөлімі бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметінен бастап, Атырау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасарына дейінгі жауапты жолдан өтті. Отыз жылға жуық ғұмырын Отан алдындағы адал қызметке арнаған полиция полковнигі, ішкі істер органдарының ардагері Кеңес Сәлімұлы әріптестері арасында абыройлы, әлі де басшылықтың сенімі мен сый-құрметіне ие.
Құқық қорғау саласындағы бұл қастерлі эстафетаны бүгінде үшінші буын – полиция капитаны Адлан Нұриденов жалғастырып келеді. Ол – 2018 жылдан бері Атырау облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі. Бұған дейін криминалдық полиция және экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармаларында қызмет атқарған ол бүгінде тәжірибелі әрі нәтижелі маман ретінде танылып жүр. Кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында Адлан бірқатар аса ауыр қылмыстың жолын кесіп, қылмыстық топтарды құрықтауда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Мәселен, Атырау қаласына синтетикалық есірткі тасымалдаған Тараз қаласының екі тұрғынын қолға түсіріп, бір келіге жуық тыйым салынған затты тәркілеген. Сонымен қатар, қала аумағында сатуға дайындалған 300-ден астам есірткі орамасын жасырын жерден тауып, заңсыз айналымнан шығарды.
– Бұл сала мен үшін жай жұмыс емес, жүрек қалауымен таңдаған жол. Атам мен әкемнің өмірі – менің рухани бағыт-бағдарым. Адал еңбекке деген сүйіспеншілік – қанда бар қасиет. Енді біз де қоғам алдындағы парызымызды адал атқарып, осы жауапты жолдың үдесінен шығуға тырысамыз. Атамыз бен әкеміздің қызметіне қарап, зердемізге тоқып өстік. Үнемі әділеттілік пен сабырлылықты ту еткен тұлғалар ретінде көз алдымызда. Солардан естіп-көргеніміз адалдық, еңбекқорлық және қоғамдық тәртіпке деген шексіз жауапкершілік еді. Бұл қасиеттер бізге бала күннен дарыды, — дейді полиция капитаны Адлан Кеңесұлы.
Бір әулеттің үш буын бойы ішкі істер органдарында қалтқысыз қызмет етуі – құқық қорғау саласындағы шынайы ерлік пен кәсіби жауапкершіліктің үлгісі. Бұл – тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның игілігі үшін жасалған жанкешті еңбек.
Әулет өкілдерінің ұрпаққа жалғасқан еңбек жолы жас мамандарға жігер беріп, патриоттық рухты нығайта түсетіні сөзсіз.
Алмас ҚАБДОЛ