Мопедшілер жүргізуші куәлігін алуы қажет
Президент қол қойған жаңа заңға сәйкес, Қазақстанда мопед жүргізушілері міндетті түрде жүргізуші куәлігін алуға тиіс. Бұл талап жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік құралдарының қозғалысын реттеу мақсатында қабылданды.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, мемлекет басшысы қол қойған екі жаңа заң бірқатар көлік құралының, оның ішінде мопедтердің қозғалысын ұйымдастыру мен жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру мәселелерін шешуді көздейді. Бұған қоса, жаңа әкімшілік құқықбұзушылықтарды енгізу арқылы жол қозғалысына қатысты заңнаманы күшейтетін бірқатар өзгеріс енгізілді.
Енді қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар мопедтер міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Сонымен қатар, максималды жобалық жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын барлық мопедтің иелері де бұл талапқа бағынады.
Мопедті басқару үшін жүргізушілер А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуға міндеттеледі. Бұл санат мопедтер мен жеңіл мотоциклдерді басқаруға мүмкіндік береді. Жаңа заңның күшіне енуі –Қазақстандағы мопед жүргізушілерінің жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Бек АЙДАРӘЛИ
Сурет: kaz.inform.kz