
Міндет. Абырой. Ерлік
Атырау қаласында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің маңызды құрылымдарының бірі – жергілікті әскери басқару органдары күні салтанатты түрде аталып өтті. Бұл іс-шара Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында ұйымдастырылып, оған ардагерлер, әскери қызметкерлер, офицерлер, сарбаздар мен олардың отбасы мүшелері қатысты.

Мерекелік жиында Мемлекеттік Ту салтанатты түрде сахнаға әкелініп, Гимн асқақ рухпен шырқалды. Басқосу барысында Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Эльдар Шынғалиев сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтап, жергілікті әскери басқару органдарының тарихи тамырлары, бүгінгі міндеттері мен өңірдегі жетістіктері туралы кеңінен баяндады.
–Армысыздар, қадірлі қонақтар, ардагерлер мен ұжымдастар! Сіздерді Жергілікті әскери басқару органдары күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн еліміздің тарихында ерекше орын алып, 1991 жылы әскери комиссариаттарға республикалық орган мәртебесі берілген сәттен бастау алады. Бүгінде Қазақстанда 220-дан астам жергілікті әскери басқару мекемесі жұмыс істейді, бұл – 20 департамент пен 200-ге жуық басқарма мен бөлімдердің біріктірілген жүйесі. Жергілікті әскери басқару органдары – Қарулы Күштердің жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етіп, жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелейтін, әскери білім беруді қолға алатын, мерзімді әскери қызметке дайындайтын маңызды құрылым, — деп атап өтті ол.
Эльдар Қсрауұлының сөзінше, бұл құрылымдардың тамыры Кеңес Одағы кезеңінен бастау алады. 1918 жылы Орта Азияда әскери комиссариаттар құрылып, Қазақстанда алғаш рет «Қазақ әскери комиссариаты» қызмет көрсетті. Ұлы Отан соғысы жылдарында Атыраудан 45 мыңнан астам азамат майданға аттанып, олардың 9-ы Кеңес Одағының Батыры, 4-і Даңқ орденінің толық иегері, 1-і Халық Қаһарманы атанған.
–Ал Ауған соғысында 1000-нан астам жерлесіміз жауынгерлік борышын өтеді, олардың 19-ы «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Бүгінгі шарада солардың бірі – отставкадағы полковник Альберт Жақияев та қатысып отыр. Тәуелсіздік жылдарында 900 мыңнан астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылып, 48 мыңға жуық курсант әскери оқу орындарына түскен. Әскери-техникалық мектептерде 179 мыңға жуық маман даярланғаны – бұл құрылымның еліміздің болашағына қосқан нақты үлесі, — деген департамент бастығы тарихтан да мағлұмат берді.
Эльдар Қсрауұлы өз баяндамасында облыстағы жергілікті әскери басқару саласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
–Қызылқоға ауданында жаңа бөлім ашылып, Индер, Атырау, Мақат, Жылыой аудандарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, автокөлікпен қамту мәселесі де шешілген. Бұл нәтижелер облыс әкімінің және жергілікті атқарушы органдардың қолдауы арқасында іске асты, — деген полковник Эльдар Шынғалиев құттықтау сөзін түйіндеді.
Еңбектің лайықты бағасы

«Қарулы күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы, запастағы подполковник Асқар Шманов мерекелік лебізін жеткізді.
–Жергілікті әскери басқару органдарының мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуда, әскери резервті даярлауда және жастарға патриоттық тәрбие беруде әрқашан маңызды рөл атқарып келе жатқанын атап өтті. Дәл осы жерде мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен қорғанысын сезіну, оған жауапкершілікпен қарау сезімі қалыптасады, — деді ардагер.

Салтанатты кеш барысында бірқатар әскери қызметкерлер мен ардагерлер, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері марапатқа ие болды.

Атап айтқанда, «Бауыржан Момышұлы» медалімен генерал-майор Нұрхат Оразбаев, «Жергілікті әскери басқару органдарының күні» медалімен полковник Руслан Нигматуллин, ардагерлер Сагидолла Рысқалиев пен Альберт Жақияев ие болды.

Сондай-ақ «Отан қорғаушының әкесі», «Отан қорғаушының анасы» және «Офицердің жұбайы» медальдары бір топ адамға табысталды.

Сонымен қатар, жас офицерлерге алғашқы «лейтенант» және «капитан» шендері берілді. Бұл жас мамандарға артылған зор сенімнің белгісі. Ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткен Айбарша Кашкенова Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығынан Алғыс хатқа ие болды. Бұл марапат оның кәсіби біліктілігі мен адал еңбегінің мойындалғаны еді.
Болашақ ел қорғаушылар

Салтанатты кешке болашақ офицерлер – «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицейінің VII сынып оқушылары да қатысып, әскери тәртіп пен патриоттық тәрбиенің маңыздылығын бойларына сіңірді. Лицейдің оқушысы Қуанбай Жұбаныш өз әсерімен бөлісіп, арманы туралы айтты.
–Бұл менің алғашқы үлкен салтанатты жиыным болды. Отан қорғаушы болу үлкен абырой екенін түсіндім. Менің арманым – снайпер болып, елді қорғауда дәл соққы беру арқылы өз еңбегімді көрсету, — деп пікірін білдірген Жұбанышқа сәттілік тіледік.
Рухты көтерген «Атамекен»
Сахнада республикалық конкурстардың лауреаты Азамат Ізниев патриоттық рухты асқақтататын «Атамекен» әнін айтқанда, зал орнынан тік тұрып, бірге қосылып шырқады. Себебі бұл әнде туған елге, туған жерге шексіз махаббат бар. Бұл елге деген сүйіспеншілік пен бірліктің көрінісі ретінде ерекше есте қалды.
Сонымен бірге кеште «Ұлы дала», «Отан Ана», «Батырлар ұраны» сынды патриоттық әндер орындалып, «Інжу Маржан» би ансамблінің ұлттық билері көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

Жергілікті әскери басқару органдары күніне арналған салтанатты шара тек мереке ғана емес, бұл ел қорғанының берік тірегі саналатын құрылымға деген халық құрметінің айқын көрінісі. Атыраудағы бұл мәнді іс-шара әскери қызметтің маңызын айқындап, жас буынды отансүйгіштікке, ел қорғауға үндеуге арналды.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ