МАРАТ АХМЕТЖАНОВ: «БІЗДІҢ МІНДЕТ – ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ»
— Атақты француз философы Шарль Луи Монтескье: «Көптеген ғасырлардың тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам, қылмыс жасауға бейім тұрады және де тиісті шекке жетпейінше, сол бағытта әрекет жасай береді» деген екен. Ойшылдың бұл сөзі өмірден алынғаны анық, — деп бастады әңгімесін департамент басшысы Марат Ахметжанов. — Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске айрықша маңыз беріліп отыр. Өзіңіз де жақсы білесіз, Қазақстан бұрынғы кеңестік республикалар аумағында алғашқы болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң шығарды. Әрбір бес жыл сайын Елбасының бастамасымен қоғам дертін ауыздықтау мақсатында бағдарлама қабылданады. Ал, бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекет пен қоғам күшін нығайтуға бағытталған «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Оның мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты басымдылығы. Бұл ұстаным– сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық қоғам институттары, мемлекет органдар қолданатын шаралар мен әдістердің біртұтас жүйесі. Мемлекеттік басқаруды осылайша оңтайландыру мақсатында Елбасы жаңа мемлекеттік орган, яғни Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін құру туралы шешім қабылдады.
— Әңгімені еліміздің мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформалардан бастағалы отырғанмын. Осы пікіріңізді өрбітейін, жаңа агенттіктің бұрынғы құрылымдардан ерекшелігі неде? Оған артылған міндет қандай?
— Әрине, қызметтегі өзгешеліктерді бір-ақ сәтте санамалап шығу мүмкін болмас. Басты тоқталары, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қоғам мен мемлекеттің күшін біріктіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен кадрлық саясатты тиімді жүргізу үшін құрылды. Негізгі міндеті – мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен мемлекеттік қызмет көрсету саласында біріккен мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.
Жаңа құрылым Мемлекет басшысына тікелей бағынады және есеп береді. Агенттіктің Атырау облысы бойынша аумақтық органы ретінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті құрылды. Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында былтырғы жылдың 19 қарашасында агенттік төрағасының бұйрығымен департамент өз қызметіне кірісіп отыр. Мемлекет басшысы біздің ұранымызды: «Біздің міндет – халыққа қызмет» деп анықтады. Сондықтан, құзырлы орган ретінде өзіміздің парызымызға адал және кәсіби қызмет етіп, барлық мемлекеттік органдарға әрқашан үлгі болуымыз қажет.
Ерекшелеп тоқталары, қоғам дертіне қарсы күрес тек мемлекеттік орындардың емес, жалпы қоғамның міндеті. Қазіргі тың бастама, жаңа жұмыс жүйесі де осы тұрғыдан қолға алынуда. Сондықтан, бүгінгі заман талабы елімізде үш негізгі, атап айтқанда, заңсыздықтарға қарсы, қоғамдық бақылау және жариялы ақпаратқа қолжетімділік туралы заңдарды қабылдаудың қажеттілігін туғызды. Бұрын жемқорлықпен құқық қорғау органдары бір жақты айналысса, енді ортақ мақсатқа бүкіл қоғамды жұмылдыру міндеті тұр. Жұмыла көтерсек қана жүк жеңілдейді. Мұны жұмысымыздың басты ерекшелігі деп айтар едім.
— Өзіңіз басшылық ететін департамент қызметін неден бастап жатыр?
— Атқаратын қызметіміздің ауқымы өте кең, сондықтан ол жаңа жүйе негізінде біртіндеп жүзеге аспақшы. Департаменттің жергілікті мемлекеттік орындарды жоспарлы тексеру кестесі жасақталған. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жеті мемлекеттік құрылымды тексермекшіміз. Атап айтқанда, Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, Дін істері, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Атырау облысы бойынша еңбек инспекциясының басқармалары, Әділет департаменті, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Атырау мемлекеттік мүлік және жекешелендіру, сонымен қатар, Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері жоспарлы тексеруден өтпек.
Әңгіме бағытында «көлеңкелі экономикаға» арнайы тоқталсам деп едім. Атырау – мұнайға бай, қазыналы өлке. Үлкен қаражат жүрген жерде түрлі келеңсіздіктер де бой көрсететіні анық. Сол себепті аталған жайт басты назарымызда болмақшы. Ал, «көлеңкелі экономиканың» ел дамуына келтіретін зияны өте көп.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы көп айтамыз, мемлекет тарапынан тегеуірінді шаралар да алынып жатыр. Дегенмен, қоғам дертінің белең ала түсуіне не себеп?
— Сіздің бұл сұрағыңызға орай мына жағдайды айтайын: жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасын жасақтау кезінде біз әлемнің озық тәжірибелерін саралағанбыз. Сонда біраз мемлекеттің тың, бірақ қарапайым әдістер арқылы айтарлықтай табысқа қол жеткізгенін ұқтық. Мысалға аларлық елдің бірі Гонконг еді. Мұнда 70-жылдардың аяғына қарай сыбайлас жемқорлық асқынып, шарықтау шегіне жетіпті. Құқық қорғау мен заң орындары, әкімшілік жүйе былық-шылыққа әбден батқан. Бұл өз кезегінде, халықтың наразылығын туғызып, студенттердің жаппай ереуіліне ұласқан көрінеді. Қарама қайшылықтың асқынғандығы соншалық, елдің бас прокуроры Англияға (Гонконг сол кезде аталған мемлекеттің қол астында еді) қашуға мәжбүр болыпты. Міне, осындай сындарлы сәтте елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызу үгіт-насихат жұмыстары басталған. Сол уақытта гонконгтіктер қайық үстіндегі үйлерде тұрады екен, белсенділер осындай әрбір лашыққа барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіпті. Мәселен, тәртіп сақшысына пара бермей-ақ, істерін жүргізе алатындарын, әр адам өзінің құқығын білсе ешкім оның жолына кесе көлденең тұрмайтындығын жете түсіндірген. Насихат жұмыстарының ықпалы ерекше болғандығы соншалық, гонконгтіктер аз ғана уақыттың өзінде жемқорлық дертінен айыға бастапты. Ал, жергілікті полицияға ізгілендіру шарасы жарияланып, тәртіп күшейтілген. Осындай ауқымды іс-әрекеттің нәтижесінде кеше лашықта өмір сүрген гонконгтіктер бүгінде гүлденген, өркениетті мемлекеттің тұрғындарына айналып отыр.
Бұл мысалды не үшін келтірдім? Біз қазіргі күні үлкен өзгерістер кезеңінің алдында тұрмыз. Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресті бастады. Өйткені, қоғам дерті экономикалық жағынан кесел келтіріп қоймайды, ұлттық қауіпсіздігімізге де қатер төндіреді. Ол адамдардың сана-сезімін улайды, бәсекелестікті құртады. Біз содан қауіптенуіміз қажет. Ендеше, іріңді жарадай көрінген кеселді сылып тастамаса болмайды.
— Әйткенмен, күнделікті өмірде «бармақ басты, көз қысты» жағдайды жиі кездестіріп жатамыз ғой. Мысалы, өзіңіз қатынасқан Атыраудағы жемқорлыққа қарсы өткен форумда арнайы сауалнама қорытындысы баяндалды. Мұнда студенттердің оқытушыларына қанша көлемде пара беретіні және қалай беретіні ашық айтылды. Соған қатысты Сіздің пікіріңізді білсек деп едік?
— Жемқорлықтың бүгінгі тұрмыстың әр қырынан байқалатынын жасыруға болмайды. Мәселен, бір студент пара беріп, емтиханнан еркін өткендігін айтып отыр дейік. Ал, түні бойы оқыған, жаз бойы кітаптан басын көтермеген екінші шәкірт оны көріп, сынақтан қиналмай-ақ өту жолын ойланбай ма? Сол себепті мұндай жағдайға көз жұма қараудың жөні жоқ. Қоғам пара беруді мақтаныш емес, жиіркенішті іс, ұятты қылық деп қабылдайтын деңгейге көтерілуі қажет. Тағы бір мысал, республикамызда, оның ішінде Атырау облысында жүрген қытайлық жүк көліктері аз емес. Олардың белдігіне (ось) түсетін салмағы белгіленген талаптарға тіптен сәйкес келмейді. Ал, оларды бақылайтын тиісті мекеме бар. «Бармақ басты, көз қысты» жағдай техника иесі мен құрылым өкілінің өзара келісуі негізінде орын алуы мүмкін. Ендеше, біз оған мүмкіндік бермейік. Қажеттілік туса, заңдылықты өзгертуге дейін қам жасалса деймін.
Өзіңіз айтқан, былтырғы желтоқсан айында өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумда көп мәселе айтылды. Дегенмен, мұнда баяндалған жағдайлар елеусіз қалмайтыны анық. Біз соған байланысты кешенді жұмыстар жүргізуді қолға алудамыз. Оқу орындарына темір жәшіктерді орнатуды да жоспарлап қойдық. Нақты қандай іс-әрекеттерді жүзеге асыратынымызды алдағы күндердің еншісіне қалдырайық.
— Тәртіптік кеңестің, департамент жанындағы қоғамдық кеңестің қызметі қалай ұйымдастырылады? Оның жұмысында өзгешелік бола ма?
— Қызметіндегі өзгешелік, әрине, бар. Ол алдымен мұнда қабылданатын шешімге қатысты болмақ.
Қазіргі күні Атырау облысы бойынша Тәртіптік кеңестің құрамы бекітіліп отыр. Кеңес төрағасы болып Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұхит Ізбанов тағайындалды. Тоқтала кетейік, Тәртіптік кеңестің жиыны қажеттiлiгiне қарай, екi айда бiр рет ашық түрде ұйымдастырылады. Егер қаралатын мәселелер мемлекеттік құпияларды қозғаса, Тәртiптiк кеңес төрағасының шешiмi және агенттіктің келiсiміне сәйкес отырысты жабық түрде өткiзуi мүмкiн.
Тәртіптік кеңестің ықпалының артуының бір мысалы ретінде мынаны айтқан жөн: Бұрын отырыста қаралған мәселеге байланысты жергілікті әкімдерге ұсыныс берілетін. Нәтижесінде, заңсыздық жасаған адам көпшілік жағдайда жауапкершіліктен (жеңіл жазамен) құтылып кетуші еді. Ал, енді аталған басшы олқылыққа жол берген қарауындағы қызметкерді жазасыз қалдырса, оның өзі жауапкершілікке тартылуы ықтимал. Қандай шара алынды, келеңсіздікке жол бермеуде қандай әрекет жасалуда? Бұл Тәртіптік кеңестің назарынан тыс қалмайтын сауалдар болмақшы. Сонымен қатар, жемқорлық бойынша жазаланған адамның алдағы өмірінде мемлекеттік қызметте жұмыс жасай алмайтынына және міндетті түрде мүлкі тәркіленетіндігіне тоқталайын.
Департамент жанындағы қоғамдық кеңестің қызметі де, айрықша тоқталар тұс. Кеңеске барлық саланың өкілдері тартылған, оның ішінде депутаттар, студенттер, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, облыстық газеттердің бас редакторлары бар. Енді қоғамдық кеңес анда-санда жиын өткізуші емес, жергілікті жердегі қандай ма жобаны, мәселен, құрылысты да қадағалай алатын ықпалды құрылымға айналмақшы. Осы мақсатта қазір заңдық негіз жасалуда.
— Бүгінгі жаңа құрылымда бұрынғы қаржы полицейлерінің қаншасы қалды? Жалпы, қызметкерлерге қойып отырған талабыңыз қандай?
— Бұрынғы қаржы полицейлерінің жартысынан көбі жұмысынан кетті. Оған құрылымдық өзгерістерден өзге, қызметкерлердің жаңа талапқа сәйкес келмеуі себепші болды. Біздің ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті 21 бос жұмыс орнына конкурс жариялаған болатын. Оған 50-ден астам адам үміткер болып, қорытындысында соның 7-уі ғана сынақтан өтті. Бұрын қаржы полицейі міндетін атқарған 30-дың үстінде қызметкер конкурстан өтпей қалды.
Жалпы, біз кадр таңдауға ерекше маңыз беріп отырмыз. Жаңа агенттіктің негізгі идеологиясы да бәрінен бұрын мемлекетке және халыққа қызмет ету үшін кәсіби мемлекет әкімшілігін құру. Адалдық, әділдік пен сатылмайтындық – біздің қызметіміздің берік құндылығы болып табылады. Жаңа мемлекеттік органның аты айтып тұрғандай, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі осы қызметтің рөлін анықтайды. Біз қызметкерлеріміздің алған білімі, атқарған жұмысына ғана емес, адамгершілігіне, халықпен қарым-қатынасына, бастысы, қолының тазалығына маңыз беріп отырмыз. Қарауымыздағы адамдардың барлығы да полиграфтың тексеруінен өтуде. Сонымен қатар, олардың үстінен арыз-шағымдар бар ма, көшеде жол ережесін, немесе қоғамдық тәртіпті бұзды ма, басқа қандай келеңсіздікке ұрынған, міне, осы сауалдардың бәріне департаменттегі өзіндік қауіпсіздік басқармасы жауап тосады. Өйткені, ертең біреуге талап қоюымыз үшін өзіміз таза, әділетті болуымыз керек. Біз мәселеге осы жағынан келіп отырмыз.
— Сіз жаңа қызметке келгелі жемқорлыққа қатысты қандай қылмыстар ашылды?
— Аз уақыт аралығында 34 қылмыс тіркелді. Бес пара алу дерегі анықталды. Соның бірі – өзінің функционалдық міндеттерін орындау үшін 350 мың теңге көлемінде пара алу барысында мемлекеттік қызметші ұсталып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Осы орайда айтарым, бұрын органдар жасыратыны жоқ, негізінен көрсеткіш қуалайтын. Яғни, қылмыс жасаған адамдар неғұрлым көп ұсталса, солғұрлым құрылымның жұмысы жүріп жатқандай көрінетін. Қазіргі талап мүлдем басқа. Мәселе ең алдымен, салдарына емес, себебіне үңілдіруді қажет етеді. Бүгінде құқық қорғау жүйесінде үлкен жаңалықтар болып жатыр, бұрынғыдай тергеуге дейінгі тексеру жүрмейді. Жемқорлыққа қатысты қылмысқа да талап күшейген. Мәселен, біреу бір мың доллар пара алса, оған 70 мың доллар көлемінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, елімізде мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеруге қадам жасалуда. Мұның бәрі бірімен-бірі байланысты кешенді шаралар деп санауға болады.
— Жергілікті қандай газеттерді оқисыз?
— Облыстық «Атырау» газетін алдымен қолыма аламын. Сондай-ақ, жергілікті өзге басылымдарды оқып отырамын. Облыстық телеарнаны да қараймын. Болашақта құқық тақырыбындағы бағдарламалар, пікірталастар көбейсе, ол халық үшін пайдалы болады деп санаймын. Өйткені, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске ақпарат құралдары, сол арқылы қоғам кеңінен тартылуы қажет.
— Сіз кімге қарап бой түзейсіз?
— Жұртшылық арасында осындай сауалнама ұйымдастырылса, көбі өзге елдің кемеңгерлерін айтып жатады. Шындығында, қазақтың арасынан талай данышпандар шыққан. Абай секілді ұлылардың сөзіне ел ұйиды. Қаныш аға Сәтбаевтың өзі неге тұрады? Ол – ешкімнің қолдауынсыз өзін өзі биікке шығарған тұлға. Оның араласуымен кезінде ашылған кен орындары елдің игілігіне айналды. Ал, бүгінгі спортшылар Серік Сапиев, Илья Ильин, тағы басқалары жастар бой түзейтін топжарғандар емес пе?
— Жұртшылық құзырлы орган басында кімдер отырғанын білгісі келеді. Ендеше, өзіңіз туралы да айтып отырсаңыз?
— Менің өзге тұрғындардан ешқандай өзгешелігім жоқ. Жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Отбасылымын. Өзім негізінен спортқа әуеспін. Самбо, дзюдо, үлкен тенниспен шұғылданамын. Шаңғы тебетінім бар, бірақ, Атырауда қар жоқ қой (күліп). Студент балаларым да спортпен айналысады. Мақтаныш үшін айтып тұр демеңіз, әйткенмен, ұлым каратэден әлемдік біріншілікте жеңімпаз атанды.
Атырауға келгеннен соң киелі жер Сарайшықта болдым. Қазыналы өңір, «мұнай астанасының» халқы жылы қабылдап жатыр. Журналистермен де ортақ мақсат жолында тығыз байланыста боламыз деп ойлаймын.
Азамат БАЗАРБАЕВ.