Жарнама
Құқық

МҮЛІККЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢДА ЖАҢАЛЫҚ КӨП

— Надежда Сағынәліқызы, қалың бұқараға түсінікті болу үшін «Атырау облысы жылжымайтын мүлік орталығы» РМҚК-ның бүгінгі қызметі туралы айтып өтіңізші…
— Қазірде «Атырау облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы» ғимараттарды, құрылыстарды және жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша бастапқы және кейінгі тексеру, оларға кадастрлық нөмір беру, техникалық құжаттамаларды дайындау, құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті жылжымайтын мүлік нысандарының техникалық сипаттамаларын айқындаумен айналысады. Сондай-ақ, міндетті тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке пайдаланылмайтын салық салу нысандарын бағалау сияқты қызмет көрсету түрлерін жүзеге асыруда.
— Газет оқырманы жылжымайтын мүлікке мемлекеттік техникалық тексеру жүргізу қызметтерін көрсетудің бағасы жөнінде сауал қойған еді…
— Иә, бұл бағытта өзгерістер болғаны рас. Енді тұрғын-жайдағы жылжымайтын мүлік нысандарын техникалық тексеру бойынша қызмет төлемдерінен Ұлы Отан соғысының қатысушылары – 100%-ға, І және ІІ топтағы мүгедектер – 50%-ға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты әрекет жасайтын тұлғалар 100%-ға босатылатын болды.
— Егер техникалық түгендеу жүргізу жедел түрде қажет болған жағдайда не істеу керек? Әлде бұрынғыдай белгіленген уақытты міндетті түрде күту қажет пе?
— Жоқ. Жеделдетілген тәр-тіпте техникалық түгендеу жүргізуге байланысты меншік нысандарына қарамастан барлық тапсырушыларға баға көрсеткіштеріне коэффициенттер қолданылады, оның әрқайсысының өзіндік мөлшері бар. Мысалы, жалпы алаңы 41,9 шаршы метр пәтердің техникалық паспортын дайындауға 3479 теңге төленетін болса, жеделдетілген тәртіпте әзірлеуге 3479 теңге х 2(коэффициент)+12%(ҚҚС)=7793 теңге жұмсалады.
— Бұл, әрине, уақыт үнемдеуге үлкен мүмкіндік. Алайда, мұндай жағдайда ардагерлерге қандай жеңілдік қарастырылған?
— Министрліктің бұйрығында «жеделдетілген тәртіпте техникалық паспорт дайындауда Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, І және ІІ топтағы мүгедектерге, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеңілдік берілмейді» деп жазылған. Яғни, олар тез арада қажетті құжатын алу үшін баршаға ортақ тәртіп бойынша қосымша ақысын төлеп алады.

Айбөпе САБЫРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button