Жарнама
Құқық

Көп балалы ана сот арқылы тұрғын үй кезегін қалпына келтірді

Атырау облысында 7 баланың анасы 2016 жылы тұрғын үй комиссиясының шешімімен «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатына енгізіліп, мемлекеттік тұрғын үй кезегіне алынған еді. Алайда, екі жылдан кейін комиссия оның жұбайының атына тіркелген үйін негізге ала отырып, кезектен шығарған. Бұл шешімге келіспеген ана сотқа жүгініп, Мақат ауданы әкімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қабылдаған шешімді заңсыз деп тануды талап етті.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол «Алтын алқа» иегері екенін және мүгедек баласын тәрбиелеп отырғанын дәлелдей отырып, тұрғын үйге мұқтаж отбасылар санатындағы кезегін қалпына келтіруді сұрады.

Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты (МАӘС) әйелдің талабын зерттей келе, оның көп балалы ана екенін және «Алтын алқа» марапатына ие болғанын растады. Сонымен қатар, талапкердің үйі Мақат ауылынан 22 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, ол мүмкіндігі шектеулі баласын оқыту үшін облыс орталығында пәтер жалдауға мәжбүр болған.

–Сот «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 73-бабының 1-тармағына сәйкес «Алтын алқа» иегерлері мемлекет есебінен тұрғын үй алғанға дейін кезектен шығарылмауы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты, МАӘС талапты ішінара қанағаттандырып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қабылдаған шешімнің бір бөлігін заңсыз деп танып, оның күшін жойды. Соттың шешімі бойынша әйел тұрғын үйге мұқтаж азаматтар санатындағы бұрынғы кезегіне қайта енгізілді. Жоғарғы Соттың Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бұл шешіммен толық келісіп, жауапкерлердің кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды, — дейді соттың баспасөз қызметінің өкілдері.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Сурет: atr.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button