Жемқорлыққа – жол жоқ!

200303233509357a3621145i Жаңалықтар

Atr.kz/10 тамыз, 2020 жыл. Мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында нақты шаралар алынып жатыр.

Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа  қарсы мәдениет жоғары оқу орындарынан қалыптаса бастағаны дұрыс секілді. Бұл өз кезегінде жас ұрпақты қоғам дертіне қарсы мүлдем төзбеушілікке тәрбиелейтіні сөзсіз. Көп реттерде, білместіктен көп адам келеңсіздікке кезігіп жатады.   

Елдің дамуы, өсіп-өркендеуі мемлекеттік қызметшілердің білімділігі мен біліктілігіне,  жауапкершілігіне, отансүйгіштік қасиеттеріне байланысты. Дүние жүзіндегі сыбайлас жемқорлықпен күресте өте жақсы деңгейде, яғни, тиімді нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттерді алып қарайтын болсақ, барлығы да мемлекеттік қызметшілерге қатаң талап қоюмен бірге, олардың жалақысын аймақтың бизнес саласындағы орташа жалақымен байланыстырған. Демек, әр өңірдің экономикалық жағдайлары көтерілген сайын, мемлекеттік қызметшілердің де еңбекақысы көтеріледі. Сайып келгенде, сыбайлас жемқорлықпен күресті азайтуға немесе онымен күресті көтеруге ынтасы арта түсер көріністерді көруге болар еді.

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді. Заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себепші болады. Сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі  басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерді тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс деп ойлаймын.

Сыбайлас жемқорлық – қоғамға қауіпті дерт. Оның алдын алып, ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін бәріміз атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін кеселді тоқтата аламыз. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоюдың, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор. Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы еліміздің Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Қорыта айтқанда, Отанымыздың әрбір отансүйгіш азаматы мен азаматшасы жемқорлық құбылыстарына іштен шыққан жаудай күрескені абзал деп ойлаймын. Әрбір адамның қанша қиналып тұрса да пара бермеуі не пара алмауы, сыбайлас жемқорлық көріністерін білген уақытта тоқтатуға жасаған әрекеттері еліміз үшін, оның болашағы үшін жасалған күресі болып табылатыны ақиқат.

Мейірбек БАҚЫТЖАНҰЛЫ,

ҚР  Заңгерлер Одағының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз