КӨП АСҚАНҒА – БІР ТОСҚАН
Алтын көрсе, періште жолдан таяды
Қоғам дертіне қарсы кешенді шаралар алынып жатқанымен, келеңсіз жағдайлар азаймай отыр. Мысалы, Атырау селолық округінің әкімі Т.Ибрашев 110 мың теңге параның қалған 40 мың теңгесін алу кезінде ұсталды. Оған бұл сома коммерциялық мақсаттағы жер телімін ұзартуға рұқсат алу, қажетті құжаттарды толтыруға көмектесу үшін ұсынылыпты. Сот үкімімен Т.Ибрашевке 5,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік қызмет жасауға өмір бойына тыйым салынды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік мекемесінің шетелдік жұмыс күшін тарту бөлімінің басшысы М.Ажарбековке қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Ол ұсынылған құжаттар талаптарға толық сәйкес болса да, оның мерзімін ұзартуға рұқсат беруден бас тартқан. Өзінің қылмыстық ойын соңына дейін жеткізу мақсатында азаматшадан әрбір шетелдік жұмыс күші үшін 700 АҚШ доллары, ал алты шетелдік жұмыс күшіне 4 200 АҚШ доллары көлемінде ақшалай қаражат талап еткен. Дегенмен, оның ойлағаны орындала қоймады. Нәтижесінде, сот М.Ажарбековке тиесілі мүлік тәркіленумен бірге, төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Оған мемлекеттік қызметті атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Ал, Атырау облысы бойынша кірістер департаментінің аға тергеушісі А.Жетіғариев болса мемлекеттік қызмет мүддесіне қарсы қасақана сыбайлас жемқорлық қылмысын жасап, 500 мың теңге көлемінде пара алыпты. Сот үкімімен оған параның жиырма еселенген сомасы мөлшерінде, яғни он миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметті атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Департамент пара беруге азғыру деректері бойынша да жұмыс жүргізуде. Есептік кезеңде мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларына пара беруге азғырту дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Мысалға, азаматша А.Айрапетян Атырау облысының аумағынан сұйытылған газды кедергісіз шығаруға және жалпы қамқорлық көрсету үшін мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларына 450 мың теңге көлемінде пара бермек болған. Сот үкімімен А.Айрапетян жыл жарым мерзімге бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, жеке кәсіпкерлік қызметті атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Бұдан басқа, Өзбекстан азаматтарын әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасының инспекторлары жүз мың теңге көлемінде пара алу барысында ұсталды. Олардың мүлкі тәркіленіп, үш жылға бас бостандықтарынан айырылды, мемлекеттік қызметті атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Терең талдаудың нәтижесі
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді, олардың пайда болуына ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және барынша азайту бүгінде маңызды саналады. Бұл мақсатта департамент 25 мемлекеттік мекеменің қызметіне талдау жүргізген еді. Соның ішінде талдау ҚР Инвестиция және даму, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму , Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым, Қаржы министрліктерінде және Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің аумақтық бөлімшелерінде, өзге де құрылымдарда жүзеге асты. Мұнда халыққа ұсынылатын қызметтер кеңінен талданды. Оның барысында жеке анықтамалардың бағасын қолдан өсіру, сонымен қатар, аталған мекемелер мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарымен бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес емес деректері анықталды.
Талдау қорытындысымен әрбір анықтаманың бағасы екі есеге дейін төмендетілді. Қазіргі уақытта, психодиспансер беретін анықтамалар 700-ден 400 теңгеге, сонымен қатар, наркодиспансерде тіркеуде тұрмайтыны жөнінде анықтама 700-ден 300 теңгеге, Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығу үшін төлем 750-ден 350 теңгеге түсті.
Биыл департамент жанындағы тәртіптік кеңесте де көптеген мәселе қаралып, тиісті шешімдер алынды.
Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы.