КОЛЛЕДЖДЕГІ ОҚИҒА
ҚАТЕР ҚАЙДАН?
Бұл оқиғаның кейбір тұстары белгілі болып жатыр. Іске қатысты алғашқы әскери дайындық пәнінің қазіргі және бұрынғы оқытушылары қамауға алынды. Алматы қаласының әкімдігі Білім және ғылым министрлігіне арнайы хат жолдады. Мұнда алғашқы әскери дайындық пәнін мектептердің оқу бағдарламасынан алып тастау туралы баяндалған. Басты тоқталары, жазықсыз жандардың қаны төгілуі қоғамда ерекше дүмпу туғызды. Ендігі мақсат осындай көлденең жағдайдың қайталануына жол бермеу болса керек.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова – осы оқиғаға орай алғаш пікір білдіргендердің бірі. Ол кісінің айтуынша, Алматы колледжіндегі қайғылы оқиға – алғашқы әскери дайындық пәнін оқытып-үйретудегі жүйесіздіктің зардабы.
— Мен 12 жыл мектепте директор бол-ған адаммын. Сондықтан, алғашқы әскери дайындық пәнінің мәнін, маңызын бір кісідей білемін десем артық айтқандық емес, — деп бастады сөзін Злиха Қадырбайқызы. – Бұрын шындығы керек, аталған сабақты беретін мұғалімнің беделі жоғары еді, мектеп басшысының патриоттық тәрбие жөніндегі орынбасары саналатын. Білім ұясындағы қандайма жағдайдан ол кісінің сырт қалған кезі жоқ. Тіпті, небір бұзақы балалардың өзі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі келе жатқанда ығысып кете қоятын еді. Өйткені, жеткіншектерді отансүйгіштікке тәрбиелейтін ол ұстаздың беделі биік-тұғын. Ата-анасын, айналасын сыйлап, сүйіп өскен баланың өз Отанын да соншалықты қадірлейтіндігі, жанын сала қорғайтындығы өмірден алынған мысал ғой. Алғашқы әскери дайындық пәні міне, шәкірттерді соған үйретті.
Кейін құрылымдық өзгерістерге байланысты аталған пәнді оқыту тоқтатылды. Осы себептен сабаққа қажетті материалдар азайды, материалдық база нашарлап, білікті мамандар жан-жаққа кетті. Уақыт өте келе алғашқы әскери дайындық пәнінің шәкірттерді тәрбиелеудегі маңызы ескеріліп, ол оқу бағдарламасына қайтадан қосылды. Әйткенмен, ол бұрынғы қалпына келе алмай жатырған секілді. Орайы келгенде жергілікті жердегі мұғалімдердің біліктілігін облыстық білім сапасын бақылау департаменті тексеретінін айта кетейін. Былтыр облыстық білім беру басқармасының алқасында алғашқы әскери дайындық пәніне қатысты мәселелер қаралды. Сонда біраз ол-қылық анықталған еді.
ӘСКЕРИ ӨМІРДІҢ ҚЫР-СЫРЫН ҮЙРЕТЕДІ
Баламен жұмыс терең білімді, асқан жауапкершілікті талап етеді. Алайда, оңтүстік астанадағы оқиға мектептегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің білімсіздігі мен біліксіздігін көрсетті. Осыдан туатын орынды сұрақ мынадай: Жергілікті жерде әскери өмірдің алғашқы әліппесін үйрететін мамандарымыз қалай дайындалуда? Олар бүгінгі заманның талабына қаншалықты жауап береді? Байқасақ, әскери өмірдің қыр-сырына үңілдіретін кадрларды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті өмірге қанат қақтырып отыр екен.
— Түлектеріміздің білімді болып шығуына ерекше маңыз береміз, — деді осы тұста Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және бастауыш әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Мәмбетов. – Соның көрінісіндей, олар облыстың мектептерінде абыройлы қызмет етіп жүр. Бүгінде ал-ғашқы әскери дайындық пәні бойынша күндізгі бөлімде 24, сырттай 7 адам оқуда. Оларға Бердібек Ізтелеуов, Эдуард Жұмагелдиев сынды білікті ұстаздар тәлім береді.
Кафедра меңгерушісі Алматы колледжіндегі оқиғаға қатты күйінетінін жасырмады.
— Менің ойымша, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімін жазаға тарту қажет. Нақақтан-нақақ қан төгілуі – оның жауапсыздығынан орын алған жағдай. Бұрын біз спорттық снарядты алысқа лақтыру үшін күнбе-күн дайындалатынбыз. Алыс қашықтыққа секірсе де, шәкірттеріміз жарақат алып қалмасын деп алаңды қайта-қайта тексеретін едік. Сақтық шаралары қазір де осалсыған жоқ. Бұл жас ұрпақпен жұмыста маңызды тұс деп санаймын. Ал, әңгімеміздің кейіпкері болған адам қайтті? Қаруды жайбарақат оқушылардың қолына ұстата салып, сыныптан шығып кеткен. Масқара ғой, не деген жауапсыздық? Жалпы, ол әскери қаруды қайдан алды? Атылатын қару, жарылатын жарылғыштың жол бойында жатпайтындығын ескерсек, оның мектепке әкелінуі көкейде көп сұрақ туғызады. Жағдай жете тексеруді сондықтан қажет етеді деп білемін, — деді Нұрлан Мәмбетов.
ОҚУ ОРНЫНАН ҰРЛАНҒАН АВТОМАТ
Жасыратыны жоқ, алғашқы әскери дайындық пәніне қатысты келеңсіздік бұдан бұрын Атырауда да орын алған. Анығында, былтырғы көктемде Химпоселкедегі №7 мектептен оқыту мақсатында пайдаланатын Калашников автоматы мен «Байкал» пневматикалық винтовкасы ұрланды. Облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Аян Дүйсембаевтың «Атырау» газетінің тілшісімен әңгімесінде қарақшылардың қаруға қол жеткізуде мектептің күзетшілері — ерлі-зайыпты адамдарды да соққыға жығудан тайынбағандарын айтты. Тергеушілердің жедел әрекеті нәтижесінде қастық ойлағандар ұсталып тынды, қару-жарақ та қайтарылды. Дегенмен, бұл жағдай алғашқы әскери дайындық пәнін оқытып-үйретуге байланысты жергілікті жерде шұғыл шаралар алуға мәжбүр етті. Мұның өзіндік себебі бар екен. Мамандардың пікірінше арам ойлыларға оқыту мақсатында пайдаланатын автоматты құрылғысын өзгертіп, нағыз «тажалға» айналдыру қиындық туғызбайды. Жарылғыштар туралы да осыны айтуға болады.
— Мектептен автомат ұрланған соң облыстағы оқу орындарындағы 200 оқу қаруы бір орынға жинақталып, құжатталып, Алматы облысындағы Шамалғандағы №09733 әскери бөлімге тапсырылды, — дейді Атырау облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскерден тыс дайындық бөлімшесінің бастығы Жасұлан Сатыбалдиев. – Бүгінде Ресейдің «Сап» фирмасы жасап шығарған автоматтар облысқа алынып жатыр. Бұрынғылардан басты ерекшелігі, қарудың негізі пластикалық бөлшектерден тұрады. Оны «ажал қаруы» ретінде қайта жасаудың ешқандай мүмкіндігі жоқ.
Бөлімше бастығының әңгімесінен ұққанымыз, ал-ғашқы әскери дайындық пәні бойынша мамандық алғандар (әскерде болмағандары) әскери бөлімде бір айлық арнайы курстан өтеді. Әскери терминдерден бастап, нысананы көздеп ату секілді жауынгерлік дайындықтарды терең меңгеріп шығады. Қорытындысында, үміткер «атқыш» мамандығын алып, қолына әскери билет ұстайды. «Мұның бәрі жауынгерлік өмірдің қыр-сырын терең ұғындыру мақсатынан туындап отыр», — деді Жасұлан Сатыбалдиев.
Елімізде заңсыз қаруларды жинақтау мақсатында түрлі акциялар ұйымдастырылып жатады. Мәселен, қолда заңсыз жүрген иір ойықты автоматтарды тапсырғандарға 55560-185200 теңге аралығында, олардың оғының 5,6 мм.-ден жоғары әр бірлігіне 52,9 теңгеден төленеді. Бұл қару арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу үшін қажет. Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының лицензиялау және қару айналымына бақылау жасау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Талғат Усиев бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүретінін айтып отыр.
— Дегенмен, бізге мектептерде пайдаланылатын автоматтар мен граната секілді жарылғыштардың тапсырылған кезі кездескен жоқ, — дейді ол.
Апат айтып келмейді. Ел арасында «сақтансаң – сау боларсың» деген де сөз бар. Ендеше, қауіптің алдын алу мақсатында жергілікті барлық мүдделі орындар жұмылып жұдырық болғанын тілейік.
Азамат БАЗАРБАЕВ.