Кім – арам, кім – адал?! Бүгінде адамдарды ажырату қиын
Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырғаны жөн» деген еді. Бұдан еліміздегі интернет-алаяқтық мәселесінің өзекті екенін бағамдауға болады.
Абайлаңыз, алаяқ!
Атырау қалалық №2 сотының төрағасы Бақытгүл Дүйсебалиеваның айтуынша, интернеттің мүмкіндігін қылмыс жасау үшін пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын жаңарып отырады.
– Расында, «алаяқ» деген абыройсыз атақты иемденгендердің саны азаймай тұр. Алаяқтық қылмыстарды жасаудың әдістері мен тәсілдері де өзгерген. Бұл келеңсіз құбылыстың түпкі мақсаты – жеңіл табысқа оңай жету, пайдакүнемділік. Олар қылмысты басқа адамның сенімін теріс пайдаланып, алдау арқылы оның мүлкін, ақшасын жымқырады немесе заңсыз иемденіп алады, — дейді сот төрағасы.
Соңғы жылдары Атырау қаласында интернет-алаяқтардың саны айтарлықтай көбейген. Заманауи технологияларды тиімді пайдалана отырып, қылмыскерлер әртүрлі тәсілдерді қолдануда. Олардың ішінде ең көп тарағаны – веб-сайттар арқылы жәбірленуші өзі ақша аударып, кейіннен тапсырысын ала алмауы секілді жағдайды айтуға болады.
Киберқылмыскердің құрбандары кім?
Әлеуметтік желілерде алаяқтар өз құрбандарының парақшаларын ашып, олардан шұғыл материалдық көмек сұрап немесе туысқандарының атынан жалған өтініш жіберетін жағдайлар жиі кездеседі.
– Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қаншама рет айтылып жатса да, адамдардың шектен тыс сенгіштігі мен құқықтық сауатының төмендігі оларды қаржы пирамидаларының қақпанына түсіріп жатады. Сөйтіп, бел шешіп жұмыс жасамай-ақ баю ниеті олардың арам пиғылына кең жол ашып отыр, — дейді Б.Дүйсебалиева.
Сот төрағасының айтуынша, салымшылардың миллиондаған қаржысын айналымға салып отырған банк саласында да интернет-алаяқтық саңырауқұлақша қаптаған. Олар салымшыларға өздерін тұрғылықты банктердің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, клиенттерге шоттарында күдікті операциялар болып жатқандығы немесе жүйенің сол сәтте дұрыс жасамай тұрғандығы туралы хабарлайды. Сенімге кіргеннен кейін ақшаны өздерінің шотына аударуды ұсынады немесе банк картасының толық деректерін алдап алып, шоттағы барлық қаржыны иемденіп кетеді.
Қаржылық сауаттылық керек
– Жыл басынан бері 600-ден аса адам алаяқтың құрбанына айналып, бүкіл жиған-тергенінен айырылды. Бұл фактілер тұрғындардың тым сенгіштігінен, аңқаулығынан, жеңіл табыс таппақ болған ниетінен орын алған жағдайлар. Бұл жерде әрбір салымшы банк қызметкерлері үшін өз клиенттерінің карточкалық шот бойынша деректерін немесе интернет-банкинг паролін сұрауы міндетті емес екендіктерін білгендері жөн еді. Аталған қателіктерге болашақта жол бермеу үшін құқық қорғау органдарына облыс орталығындағы барлық екінші деңгейдегі банктерге алдын-ала ескерту ережелері туралы клиенттерді қолжетімді байланыс құралдарымен хабардар ету ұсынылды, — деп түсіндірді Бақытгүл Сағынқызы.
Иә, кейбір банктерде онлайн-несие қарыз алушының жеке қатысуынсыз қашықтан рәсімделеді. Осы мүмкіндікті кибералаяқтар өз мақсаттарына тиімді пайдаланып отыр. Қарыз алушылардың алатын қарыздарын рәсімдеу кезінде жеке тұлғаларды сәйкестендіруді (идентификациялау) міндетті түрде енгізсе, біраз алаяқтың жолы да, қолы да кесілері еді. Сондықтан да, әрбір салымшы егерде күдікті «sms» немесе таныс емес адамдардан қоңыраулар түскен жағдайда, дереу тұрғылықты полиция органдарына хабарласып, тез арада банктегі өз шоттары мен несиелік тарихын тексеріп отырулары шарт.
Тауар үшін алдын-ала төлем
Тауарларды интернет арқылы сатып алған кезде тек тексерілген сайттарға жүгіну керек. Әрі бұл қос сайт емес, ресми бет екеніне көз жеткізгеніңіз жөн. Көбінесе қылмыскерлер бір-біріне ұқсас сайттар арқылы жұмыс жасайды да, ондағы ресурстың сипаттамасын өзгертеді. Банктердің логотиптерін, танымал брендтерді пайдаланады.
– Егер де сізден тауар үшін алдын-ала төлем жасау сұралса, оның төлем шарттарын мұқият оқып, тексеріп шығуыңыз керек. Көп жағдайда алаяқ басқа адамнан алаяқтық жолмен алған жеке куәлігінің фотосуретін жібереді. Егер сіз басқа қалада тұрып, тауарға тапсырыс берсеңіз, ағайын-туыстарыңыздан, таныстарыңыздан ондай тауардың бар-жоғын және ұсынылған сипаттамаларға сәйкес келетін-келмейтінін тексеруді ұмытпаңыз. Инстаграмм арқылы тауарларды сатып алар алдында, сатушының ресми мекенжайын, сонымен бірге, ватсаппен немесе бейнебайланыс арқылы құжаттарын тексеріп, дұрыстығына міндетті түрде көз жеткізу қажет, — дейді сот төрағасы.
Расында, аты-жөнімізді атап «Сіз бүгін жеңімпаз атандыңыз, сізге арналған сыйлығымыз немесе қаржылай ақша ұтысы бар. Оны тезірек алу үшін жеке құжатыңыздың көшірмесін жіберіңіз» деп ұялы телефонға «sms»-хабарлама түсіп жатады. «Ондай жалған хабарламаларға құжаттардың көшірмесін ешқашан жіберуге болмайды» дейді мамандар.
Интернет – алаяқтардың алаңы ма?
Тұрғындардың сеніміне кіріп, қалтасын қағып жүрген алаяқтар түбі ұсталады. Алайда, олардың иеленіп кеткен ақшасын кері қайтару, тергеу, тексеру – қиын шаруа.
– Иә, цифрландыру мен қашықтан көрсетілетін қызметтердің дамуымен бірге тұтынушылық несиелеу нарығында азаматтарға жалған қарыздарды алаяқтық жолмен рәсімдейтін интернет-алаяқтың жаңа түрлері мен әдістері пайда бола бастады. Атап айтқанда, интернет арқылы қызмет көрсету және сауда жасау, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, салымшылардың жеке деректерін иемдену және өзге біреудің атынан онлайн несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстарды көрсеткен жөн, — деді Б.Дүйсебалиева.
Құзырлы органдар «интернет-алаяқтықтың белең алуының негізгі және басты себебі – адамдардың сенгіштігінде» дейді. Ондай қылмыстарды ашу және тергеуде біршама қиындықтар кездеседі. Өйткені, қылмыскер үшінші адамдарға тіркелген әртүрлі банк карталарын, сондай-ақ, әртүрлі абоненттік нөмірлерді тиімді пайдаланады. Өздері тасада тұрып, ақшаны алу үшін үшінші адамдарды (доппер) іздейді екен. Мұндай қылмысты ашуда барлық деректер терең талдануы керек. Ал, бұл қосымша білікті адам ресурсын, уақытты талап ететіні айтпаса да түсінікті.
Сондықтан да, әрбір тұрғын сенімсіз, белгісіз адамдардан түрлі хабарламалар түскен жағдайда міндетті түрде құқық қорғау органдарына хабарласып, алаяқтың арбауына түспейтін жол іздеуі керек.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Интернет қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін келесі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек:
– өзіңіздің төлқұжат және өзге де дербес деректеріңізбен бөліспеңіз, банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келіп түскен «sms» құпия сөздерді, тіпті егер сізге өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырса да ешкімге хабарламаңыз;
– жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығыңыз, әсіресе, кішігірім шрифтпен жазылғанды оқыңыз;
– тиімді ұсыныстарға сын көзбен қараңыз;
– тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын-ала төлем жасауға келіспеңіз;
– белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз;
– тартымды немесе күмәнді шарттармен мәміле жасауға асықпаңыз;
– байланыссыз төлемдер кезінде карта бойынша шығыс лимитін орнатыңыз және мүмкін транзакциялардың мөлшерін шектеңіз;
– өз құжаттарыңызға (жеке куәлік, банк картасы) қолжетімділікті шектеңіз, құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермеңіз, себебі келешекте зиянкес микрокредиттік қаржы ұйымдарында микроқарызды рәсімдеуі әбден мүмкін.