Жарнама
Құқық

Кибералаяқтардан қалай қорғанамыз?

Қауіпсіздік – кез келген өндіріс ошағы мен еңбек ұжымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін басты қағида. Бүгінде бұл ұғым тек техникалық немесе еңбек қауіпсіздігімен ғана шектелмейді. Ақпараттық технологиялар дамыған сайын цифрлық қауіпсіздік те күн тәртібіне шықты. Бұл әсіресе интернет алаяқтықтың күрт көбеюі аясында ерекше маңызды бола түсті.

Осы орайда интернет алаяқтықтың алдын алу және оның зардаптарын түсіндіру мақсатында Атырау облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы, облыстық ішкі саясат басқармасы және «Ембімұнайгаз» АҚ бірлесіп, ірі кәсіпорындар арасында профилактикалық жұмыстарды бастап кетті. Солардың бірі – бүгін «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Балғымбаев кен орнының әкімшілік ғимаратында өткен жиын. Аталған кездесуге Атырау облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Расул Жолдас арнайы келді. Сонымен қатар жиынға «Ембімұнайгаз» АҚ Корпоративтік қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Руслан Кенжеғалиев пен «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бас инженері Қайсар Тулеушов те қатысты. Олар бұл бастаманың өзектілігіне тоқталып, цифрлық қауіпсіздік – тек ІТ саласының ғана емес, бүкіл еңбек ұжымының ортақ міндеті екенін айтты.

Расул Амандықұлы өз сөзінде алаяқтардың әрекеті күннен-күнге күрделеніп, шеберлене түсіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде ең жиі кездесетін тәсілдердің бірі – өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырып, хабарласу. Алаяқтар кез келген ұялы нөмірден немесе WhatsApp арқылы байланысып, «сіздің шотыңызға кибершабуыл жасалды» немесе «сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр, бұны тоқтату үшін тек мен ғана көмектесе аламын» деген мазмұндағы ақпаратпен жұртты үрейге бөлеуге тырысады.

— Олар сенімге кіру үшін түрлі айлаға барады. «Бұл туралы ешкімге айтпаңыз», «бұл – құпия ақпарат» деп қысым көрсетеді. Сөйтіп, азаматтарды «AnyDesk», «TeamViewer», «HopToDesk» сияқты қашықтан басқару қосымшаларын орнатуға көндіреді. Осы қосымшалар арқылы олардың телефон жүйесіне еніп, банк логині мен құпиясөзіне, SMS-хабарламалар мен жеке мәліметтеріне қол жеткізеді,-дейді облыстық Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Расул Жолдас.

Жиын барысында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ақпараттық қауіпсіздік жетекшісі Истай Теміров те сөз алып, интернет алаяқтық – алдын ала жоспарланып, жүйелі түрде ұйымдастырылатын қылмыс екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдайға тап болған азамат ең алдымен ешкімге жеке деректерін бермей, тек ресми байланыс нөмірлеріне хабарласып, ақпараттың шынайылығын тексеруі тиіс.

– Интернеттегі қауіп-қатерден қорғанудың ең тиімді жолы – цифрлық сауаттылық пен сақтық. Әр адам өзінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты екенін түсінуі қажет,-деді ол.

Интернет алаяқтық тек жалған қоңыраулармен шектелмейді. Расул Амандықұлының айтуынша, бүгінгі күні цифрлық кеңістікте азаматтардың сеніміне кіріп, материалдық пайда табуға бағытталған алаяқтықтың түр-түрі көбейіп барады. Солардың бірнешеуі жиын барысында нақты мысалдармен түсіндірілді.

– Қазір интернеттегі алаяқтықтың түрі өте көп. Адамды сендіріп, сезіміне әсер ету – олардың басты құралы. Мысалы, өзін банк қызметкері немесе полиция деп таныстырып, «шотыңызға шабуыл жасалды» деп қорқытады. Кейде жалған инвестициялық платформаларға шақырып, оңай олжа уәде етеді. Біреулер танысу сайттарында жақын қарым-қатынас орнатып, кейін ақшалай көмек сұрайды. Тіпті әлеуметтік желіде арзан тауар ұсынып, алдын ала төлеммен жоқ болып кететіндер де бар. Барлығының мақсаты – сіздің сеніміңізге кіріп, жеке мәліметтеріңіз бен ақшаңызды алу,-дейді Расул Амандықұлы.

Жиынға қатысқан мұнайшылар да бұл тақырыптың өзектілігін ескеріп, өз бастарынан өткен оқиғаларды мысалға келтірді. Кибералаяқтардың арбауына түсе жаздаған сәттерімен бөлісіп, нақты сұрақтар қойды. Олар маманнан заң аясында қандай әрекет ету керектігін сұрап, нақты әрі түсінікті жауаптар алды.

Әр азаматтың киберқауіпсіздік туралы білімі жоғары, ал әрекеті саналы болуы маңызды. Бүгінгі жиында айтылған әрбір кеңес – тек мұнайшыларға ғана емес, барша тұрғындарға ортақ ескерту. Интернеттегі қауіп-қатерден қорғанудың ең сенімді жолы – цифрлық сауаттылық пен сергектік екенін ұмытпаған жөн.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button