![Кибералаяқтан сақ болыңыз! 1 11e40048 f3e2 45d4 908c ec5b138c928a](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/11e40048-f3e2-45d4-908c-ec5b138c928a-780x470.jpeg)
Кибералаяқтан сақ болыңыз!
Соңғы кезде ғаламторда жалған сайттар мен платформалар арқылы «Қазпоштаның» қызметтерін ұсынатын алаяқтар белсенді бола бастаған. Облыс бойынша «Қазпоштаның» 82 филиалы болса, қалада 20-ға жуық «Қазпоштаның» бөлімшесі бар. Бүгін облыстық полиция департаментінің қызметкерлері «Қазпошта» мекемесінің филиалдарында алаяқтық фактілерінің алдын алу бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
![Кибералаяқтан сақ болыңыз! 2 596f4bb5 51f2 4d4d 8b73 42b976af3519](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/596f4bb5-51f2-4d4d-8b73-42b976af3519-1024x472.jpeg)
–Атырау облысында жыл басынан бері 90-ға жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Қазіргі уақытта олардың ішінде 37 қылмысқа қатысты 3 күдіктіге іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Интернет-алаяқтардың арбауына түскендердің қатарында 10-ға жуық зейнеткер бар. Алаяқтық схемасы келесідей жүзеге асады: «Қазпошта» қызметкері ретіндежәбірленушіге оның атына сәлемдеме келгені туралы қоңырау шалып, «сізге сәлемдеме келіп тұр» деген жалған ақпарат береді. Жәбірленушіден 4 санды SMS кодын сұрап, оның атына ірі көлемде онлайн-несие рәсімдейді, — деді Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Сәдуақас Жанғалиев.
Тәртіп сақшылары атыраулықтардан ақпараттық технологияларды пайдалану кезінде өте қырағы және сақ болуды сұрайды. Кез-келген бейтаныс сілтемеге немесе sms-хабарламаларға өтпес бұрын оның шынайылығына көз жеткізіп, жеке және қаржылық деректерді ешкімге бермеу қажет. Іс-шара кезінде қала тұрғындарына шынайы пошталық хабарламалар мен жалған SMS-терді ажырату жолдары түсіндіріліп, күмәнді жағдайлар туындаған кезде құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігі ескертілді. Егер осындай жағдайға тап болса, дереу полицияға «102» нөміріне не болмаса «109» нөміріне хабарласуы қажет.
–Полиция қызметкерлерінің интернет-алаяқтыққа қарсы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізгені – біз үшін де өте маңызды. Өйткені мұндай жағдай орын алғанда, біздің мекемелерге де көптеген арыз-шағымдар түседі. Тұрғындар күмәнді хабарлама немесе қоңырау алған кезде, бізден «сәлемдеме келді ме, жоқ па» – соны анықтауға тырысып жатады. Өкінішке қарай, бұндай жағдайлар алаяқтық фактілері екенін түсіндіру қиынға соғады. Біз өз тарапымыздан әрине түсіндіреміз, бірақ құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береміз, — деді «Қазпошта» бөлімшесі директорының орынбасары Гүлсім Баязитова.
Майра ЕРҒАЛИ
Суреттер автордікі