Жарнама
Құқық

Кеңседегі тәртіппен шектелмейтін мәдениет

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл. Бұл – тәуелсіз елдің құқықтық, саяси және моральдық негізін айқындаған тағдырлы белес. Ата Заң – мемлекеттің іргетасы ғана емес, қоғам мен билік арасындағы сенімнің тұғырлы тірегі. Ал мемлекетке деген сенім алдымен оның өкілдеріне, яғни мемлекеттік қызметшілерге деген сеніммен өлшенеді.

Осы тұрғыдан келсек, Әдеп жөніндегі уәкілдер институты мемлекеттік аппарат ішіндегі ішкі мәдениеттің, кәсіби әдептің сақталуын қамтамасыз етеді. Біз Атырау облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Гүланда Қыстаубаевамен сұхбаттасып, мемлекеттік қызметтегі әдептің мәні мен маңызына тереңірек үңілген едік.

– Гүланда Орынбасарқызы, Әдеп жөніндегі уәкіл институты қызметінің маңызы неде? Ол не үшін қажет болды?

– Өзіңіз білесіз, 2016 жылы елімізде Әдеп жөніндегі уәкілдер институты енгізілді. Бұл – мемлекеттік қызметшілер арасындағы кәсіби этиканың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шешім.

Бүгінде барлық мемлекеттік органда уәкілдер жұмыс істейді. Әділет министрлігі құрылымында бұл қызметке арнайы уәкілдер тағайындалған. Басты мақсат – ұжымдағы ішкі мәдениетті орнықтырып, қызметкерлердің әдеп нормаларын сақтап, сыпайы, әділ қарым-қатынас қалыптастыруына ықпал ету. Біз – жазалаушы емес, кеңесші, бағыт көрсетуші тұлғамыз.

– Конституция – елдің ең басты құжаты. Оның аясында мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар да айқын. Осы тұрғыдан алғанда, әдеп ұғымы қандай мәнге ие? Мемлекеттік қызметшінің әдебі дегеніміз не?

– Әрине, Конституцияда адамның ар-намысын, қадір-қасиетін қорғау басты құндылық ретінде бекітілді. Бұл қағида – мемлекеттік қызметшіге де тікелей қатысты. Әдеп тек сыртқы тәртіп емес, ол ішкі мәдениет, азаматтық парасаттан құралады.

Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің бейнесі. Оның сөзі де, ісі де, тіпті әлеуметтік желідегі пікірі де қоғамның назарында. Сондықтан әрбір әрекет кәсіби біліммен қатар, кісілік қасиетпен де өлшенуі тиіс.

– Демек, мемлекеттік қызметкер – лауазым иесі ғана емес, халыққа үлгі болар тұлға. Уәкіл ретінде сіз осы тұлғаны қалыптастыру жолында қандай бағытта жұмыс жүргізіп келесіз?

– Жұмысымыз бірнеше бағытта жүргізіледі. Ең алдымен, кеңес беру, түсіндіру, оқыту – негізгі міндетіміз. Қызметтік этикаға қатысты барлық сұраққа нақты жауап береміз. Мәселен, ресми іс-қағаздарды жазу тілі, әлеуметтік желідегі мінез-құлқы, телефонмен сөйлесу, киім кию әдебі – осындай қарапайым, бірақ маңызды дүниелер. Сондай-ақ ішкі мониторинг жүргізіп, ұжымдағы ахуалға сараптама жасаймыз. Кейде медиатор ретінде екі тараптың түсініспеушілігін шешуге қатысамыз. Басты мақсат – сенімді, сыйлас ұжым қалыптастыру.

– Иә, ұжымдағы сенімді ахуал қалыптастыру кез-келген мекеменің тұрақты дамуының кепілі болса керек. Осы тұрғыда сіздің қызметіңіздің нақты нәтижелері қандай?

– Соңғы жылдары біздің департаментте бірде-бір әдеп бұзушылық фактісі тіркелмегенін ерекше атап өтер едім. Бұл – жай ғана статистика емес, ұжым ішіндегі тұрақтылық пен өзара түсіністіктің нәтижесі.

Әр қызметкер өзінің кәсіби орнын, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең түсінеді. Қарым-қатынас сыпайылық пен сабыр, әділет пен кісілікке негізделген. Мұндай орта уәкіл жұмысының нәтижесін ғана емес, басшылықтың ұстанымын да көрсетеді.

– Әлеуметтік желідегі мінез-құлық, киім кию үлгісі, телефонмен сөйлесу әдебі сияқты «ұсақ-түйек» көрінетін дүниелердің де қызмет әдебіндегі рөлі үлкен. Мұндай мәселелерде уәкіл қандай ұстаным ұстануы тиіс?

– Біріншіден, қызметтік мәдениет – кеңседегі тәртіппен шектелмейді. Қызметкердің желідегі әрекеті, көпшілік алдында өзін ұстауы – барлығы біртұтас бейнеге айналады. Сондықтан біз бұл мәселелерге де мән береміз. Сондай-ақ қажет жағдайда қызметкермен жеке әңгімелесіп, ақыл-кеңес береміз.

Киім үлгісі, сөйлеу мәдениеті, тіпті үнсіздігі де адамды танытады. Әдептілік дегеніміз – адамгершіліктің сыртқы көрінісі.

– Өзіңіз айтқандай, мемлекеттік қызметшінің беделі – қоғам алдындағы жауапкершілікпен өлшенеді. Ал сын айтылған сәттерде уәкіл қандай рөл атқарады? Мұндай жағдайда қандай қағиданы басшылыққа аласыз?

– Меніңше, сын сенім бар жерде ғана айтылады. Ондай жағдайда біз мәселені объективті қарап, барлық тарапты тыңдаймыз. Егер әдеп бұзушылық болса, алдымен жазалауға емес, түсіндіруге көңіл бөлеміз.

Қызметкердің абыройын сақтау, ұжым ішіндегі сенімді жоғалтпау – біздің басты қағидамыз. Әдеп – бұл ішкі мәдениет пен кәсібиліктің үндесуі деуге болады.

– Сіздің ойыңызша, Әдеп жөніндегі уәкіл институты алдағы уақытта қалай дамуы тиіс?

– Уәкіл институтының болашағына қатысты айтып кетейін. Бүгінде уәкіл бақылаушы ғана емес, ұжым ішіндегі моральдық-психологиялық ахуалдың тұрақтандырушысы, корпоративтік мәдениеттің қалыптастырушысы болып келеді.

Алдағы уақытта бұл рөл нығая түседі деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметтегі адами фактордың маңызы күн сайын артып келеді. Сондықтан уәкіл ұжымдағы әдепті қалыптастырушы десек, артық айтпаған болар едік.

– Сұхбатымыздың түйінін өзіңіз түйіндесеңіз. Конституцияның 30 жылдығы аясында қандай тілек, ой айтасыз?

– Мемлекеттік қызмет – ел алдындағы аманат. Бұл салада жүрген әр маман өз ісіне адал, сөзіне байыпты, әрекетіне жауапты болса – Конституцияда көрсетілген қағидаттар өмірмен үндесіп, халықтың сенімі артады.

Ата Заңның 30 жылдығы – заңға ғана емес, адамға да құрметтің үлгісі болуы тиіс. Біздің басты ұстанымымыз әдеп пен әділеттілік болып қала береді.

Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button