Кәсіпкердің құқығы қорғалып жүр ме?

46predprin scaled 1 Құқық

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫҢ МАҢЫЗДЫ БУЫНЫ – ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ҚАЙ УАҚЫТТА ДА КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ. ӘСІРЕСЕ, БҮКІЛ ӘЛЕМДЕ ПАНДЕМИЯ БЕЛЕҢ АЛЫП, ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ БАРЛЫҚ САЛАСЫ ДЕРЛІК ТҰРАЛАҒАН КЕЗДЕ ОНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ МЕН МАЗМҰНДЫЛЫҒЫ БҰРЫНҒЫДАН ДА ГӨРІ АЙҚЫН КӨРІНДІ. БҰЛ БАҒЫТТА ОБЛЫСТАҒЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДА АТҚАРЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСЫ АЗ ЕМЕС.

Палатаның баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, кәсіпкерлерден алдыңғы жылы 562, былтыр 424, ал биылғы үш айда ғана 100-ге жуық арыз-шағым түскен. Кәсіп иелерінің құқықтарын қорғаумен байланысты 2020 жылы тіркелген 165 өтініштің 85-і немесе 51,5%-ы, 2021 жылы түскен 152 өтініштің 62-сі (40%) оң шешімін тапса, биыл қаңтар-наурыз аралығында қабылданған 53 өтініштің тең жартысына жуығы (45%) қанағаттандырылған. Енді осыншама өтінішті мазмұнына қарай жіктегенде, басым бөлігі (35%-ға дейін) табиғи монополия субъектілеріне, 24%-ы жер қатынастары мен архитектураға, қалғаны қаржы, мемлекеттік кірістер мен мемлекеттік сатып алулар жүйесіне қатысты екен. Салыстырмалы түрде алсақ, жылдан жылға арыз-шағым санының азайып келе жатқаны аңғарылады. Бұл әкімшілік кедергілер мен кәсіпкерлердің құқығын шектеуді болдырмау шараларының пәрменділігін көрсетсе керек.

Мемлекеттік тіркеуге екі ай жүрген

Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты мысалдар келтірсек, былтыр облыстық кәсіпкерлер палатасына «Шарипов» жеке кәсіпкерлігінен шағым түскен. Онда кәсіпкерге «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы филиалы тарапынан мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылғаны айтылған. Соның салдарынан меншігіндегі жылжымайтын мүлкін мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін екі ай мезгілін жоғалтқан. Істің ақ-қарасын ажыратқанда, мемлекеттік қызметті ұсынушы тарап, яғни «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы қызметті алушы бизнес субъектісіне тапсырған құжаттарының Қазақстан Республикасының нормативтік актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін айтып, жеке кәсіпкерге нақты дәлелдемесіз әкімшілік кедергі келтірген. Палата сарапшылары жүргізген зерделеу жұмыстарының қорытындысына сүйеніп ресімделген Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің тексеру актісі мен облыстық прокуратураның заңдылықты бұзу туралы ұсыныс хаты негізінде лауазымды тұлға жауапқа тартылған.

Бір жыл бекітілмеген жоба

Ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттаумен айналысатын «Каспий балығы» ЖШС арызының негізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мәжілісінде мәселе қаралған. Кеңестің шешімімен Атырау қалалық аумақтық инспекциясының инспекторына Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 400-інші бабының 2-нші тармағына сәйкес тәртіптік жаза қолданылған. Ал, «Тама-кен» шаруа қожалығының арызы қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің заңсыз әрекеттеріне қатысты. Оны тексергенде қалалық бөлім бір жыл бойы кәсіпкердің 6 коммерциялық нысанының (ет павильондары) жобасын бекітуге заңсыз келісім бермегені анықталды. Соған сәйкес прокурорлық қадағалау актісі негізінде эскиздік жобалар бекітіліп, шаруашылық жүргізуші субъекті өз қызметін жалғастырды.

Әкімдіктің әрекеті заңсыз екен

біАтырау қаласының әкімдігі «Алиева» жеке кәсіпкерлігінің өз бизнесі үшін жер телімін кеңейту мақсатында берген өтінішін ешқандай негізсіз бірнеше мәрте кері қайтарған. Бұған облыс прокуратурасы араласып, мәселе оң шешімін тауыпты. Сондай-ақ, «Оңдағанов» жеке кәсіпкерлігі де Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің үстінен шағым жолдаған. Мұнда жеке кәсіпкер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 244- інші бабының бұзылуы туралы қалалық бөлім берген құжатпен келіспейтінін білдіріпті. Облыстық прокуратурамен бірлесе жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде әкімшілік кедергілер жойылып, мәселе кәсіпкердің пайдасына шешілді. Тілге тиек етуге тұрарлық тағы бір дерек – Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасынан «НУТТИ-Атырау» ЖШС-нің атына салық заңдылығын бұзғаны туралы заңсыз хабарлама жіберілген. Соған байланысты кәсіп иесінен оны негізсіз деп тану және оның күшін жою жөнінде шағым түскен. Кәсіпкердің талабын қараған облыстық азаматтық істер жөніндегі сот алқасына сарапшылар қала әкімдігі әрекетінің заңға қайшы екенін дәлелдеу үшін қосымша материал дайындап жолдайды. Сөйтіп, 2020 жылғы 7 қазан күні шығарылған Атырау облысының ауданаралық экономикалық сотының шешімі заңсыз деп танылып, күшін жойған. Сайып келгенде, серіктестікке тиесілі 53 миллион теңгеден астам қаржы сақталып, кәсіпкердің заңды құқығы қорғалды. «NAMS-Құрылыс» ЖШС-не жол құрылысын салу барысында әкімшілік кедергілер кездескен. Берілген шағым Кеңес мәжілісінде қаралып, оның шешімімен Атырау қаласы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің басшысы мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Жерді пайдалану құқығы қайтарылды

Биылғы қаңтарда «Әскер Мұнай» ЖШС Құрманғазы аудандық әкімшілігінің лауазымды тұлғаларының іс-әрекетіне шағымданды. Серіктестік 2021 жылы іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу және өндірістік база үшін жер учаскелерін уақытша өтеулі пайдалану мерзімін ұзартуды сұрап өтініш береді. Алайда, оған төрт ай бойы нақты жауап ала алмаған. Жергілікті әкімшілік Жер кодексінің 37-нші бабының талаптарына сәйкес жерді пайдалану құқығының мерзімі өтуіне байланысты өтініштің қанағаттандырусыз қалдырылғанын алға тартқан. Алайда, Кодекстің өзге бабында іздестіру-барлау жұмыстарын жалғастыруға берілген келісім-шарт (контракт) негізінде жерді пайдалану мерзімін ұзартуға болатыны айтылған. Осыған жүгінген сарапшылар зерделей келіп, әкімшіліктің әрекеті жөнсіз деген қорытынды жасаған. Осылайша, кәсіпкерлік субъектісінің құқығын шектеуге жеткізген кедергілер жойылып, ұсынылған құжаттар негізінде жерді пайдалану құқығы қайтарылды.

«Тауар ауысып кетіпті…»

Келесі бір арызда жеке кәсіпкер «Beka» «Облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназия» КММ-мен келісім-шарт негізіндегі мемлкеттік сатып алуға қатысты өз проблемасын көтерген. Дұрысында, кәсіпкердің кінәсі жоқ, келісім-шарт талаптары тиянақты орындалған. Бірақ, сұраныс бойынша жеткізілген тауар ауысып кеткен. Сол себепті, қабылдап алған тауарға тапсырыс беруші тарап төлем жасамай, келісім-шартты біржақты бұзыпты. Сөйтіп, құқығына нұқсан келген кәсіпкер Атырау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінуге мәжбүр болады. Істі жан-жақты қарап, әділ шешім шығарған соттың үкімімен «Облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназия» КММ-нен 1810000 (бір миллион сегіз жүз он мың) теңге «Века» ЖК басшысы Амангелді Қабесовтың пайдасына өндірілді.

Заңды қонышынан басып…

Қайыршақты ауылдық округіне қарасты «Көктем» шағынауданындағы жер теліміне қосымша жер бөлуді сұрап арыз берген жеке кәсіпкер Лаура Аксанова да өз өтінішінің негізсіз қанағаттандырылмағанына шағым айтқан. Оған да жергілікті әкімдік жер телімін беруден көпе-көрінеу бас тартқан. Бұған себеп болған жайт – кеңейту немесе аумағын ұлғайту мақсатында сұралған жер телімінің эскиздік жобасының бөлек дайындалып, өтінішке қоса берілмеуі. Осыны желеу еткен мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерден әлі нұсқасы жоқ жер теліміне салынатын құрылыстың нобайлық (эскиздік) жобасын талап еткен. Мәселе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде жан-жақты талқыланып, бұл жолы да кәсіпкердің құқығына нұқсан келтірілгені әшкереленді. Бұған соңғы нүктені Атырау қалалық прокуратурасы қойды. Енді осыған дейін жер учаскесін кеңейту үшін қажетті құжаттар тізбесіне енгізіліп, міндетті түрде болуы тиіс деп сұралған құрылыстың нобайлық жобасы алынып тасталды. Бұл жөнінде әкімдіктің ресми интернет ресурсында жариялап, хабарлама жасау міндеттелді. Бизнес субъектілерінің заңды құқығының бұзылуы мен қорғалуы төңірегінде түсінік беріп, ресми ақпарлармен бөліскен облыстық кәсіпкерлер палатасының ресми өкілі Әсел Тұяқбаева бұл бағытта біршама жұмыс жасалғанына қарамастан, заңсыздықтар тыйылмай отырғанын жасырмады. – Әттеген-айы – заң талаптарының бұзылуы, сөйтіп кәсіпкерлер құқығының аяқасты болуы көбінесе оларға қызмет көрсетуші немесе ұсынушы мемлекеттік атқарушы құрылымдар тарапынан жиі кездеседі. Басты мақсат – осыған қатаң тосқауыл қойылып, кәсіпкерлер құқығының тапталмай, олардың өз қызметтерін кедергісіз жүргізуіне мүмкіндік жасау, соған ықпал ету, – деді ол.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз