ҮЙІҢІЗДЕ ДОМОФОН БАР МА?
Домофонды орнатқан кезде жасалатын келісім-шарт мәніне ерекше назар аудару керек. Домофон орнату келісім-шартына отыру барысында тұтынушыларға домофон орнатушы компания домофонға техникалық қызмет көрсету жұмысын да өздері атқаруға тырысуы мүмкін (яғни домофонды орнату келісім-шартына қоса техникалық қызмет көрсетуге келісім-шартқа отыруды міндеттеуі мүмкін). Ал, бұл әрекет көрсететін қызметінің бағасы төмен басқа компанияларды тұтынушылардың таңдауына мүмкіндік бермейді.
Домофон орнату үшін тек қана домофонды орнатуға арналған келісім-шартқа отырыңыз (техникалық қызметсіз) және жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болған жағдайда ғана домофондық компаниялардың қызметтерін қолданыңыз. Домофонда қиындық туындаған жағдайда, техникалық қызмет көрсетуге келісім-шартқа отырмай-ақ, домофондық компанияның маманын шақыру экономикалық тиімді деп санаймыз. Себебі, күнделікті тәжірибе көрсетіп отырғандай, абоненттік төлем есебінен орындалатын жөндеу жұмыстары оның барлық түрін қамтымайды. Сондықтан, осы жұмыстардың кейбір түрлеріне (домофон сынған, бүлінген жағдайда) тұрғындар бөлек ақы төлеп жүр.
Сондай-ақ, домофон жабдықтарын орнатуға келісім-шартқа отырған кезде кепілдікті қызмет көрсетуін талап етіңіз (домофон жабдықтарына зауыт-өндірушінің кепілдік мерзімі күші бар уақытына дейін). Кепілдік қызмет көрсетудің мерзімі аяқталған жағдайда ғана техникалық қызмет көрсетуге келісім-шартқа отырыңыз.
Домофонды орнатуға келісім-шартқа отырған кезде әр пәтерге жеке кодтарды тіркеуді талап етіңіз. Домофон жүйесін орнатқан кезде тұрғындарға электрондық кілтті сатып алуды мәжбүрлеген жайттар болуы мүмкін. Алайда, тұрғындар кілтпен қатар код арқылы да есікті ашуға мүмкіндігі бар (домофон төрт санды код көрсетілген код кестесімен қондырылады, әр пәтерге — өзінің коды).
Домофондық компаниялардан ай сайын профилактикалық жұмыс жүргізілгендігі туралы акт жасалуын талап етуіңіз қажет, яғни ол жерде мердігер (домофондық сервис компаниясы) жұмысын атқарғаны, ал тапсырушы (кіреберістің тұрғыны немесе жауаптысы) жұмысын қабылдағаны және талабы жоқ екендігі туралы көрсетілуі керек. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 18-бабына сәйкес, тұтынушының орындаушыдан қызмет көрсету фактісін растайтын құжатты алуға құқығы бар.
Домофондық компаниялар бағаларды негізсіз көтермеу үшін келісім-шартқа отырар кезде көрсетілетін қызмет бағасына және оның өзгеру жағдайларына баса назар аудару қажет. Былай қарағанда түкке тұрғысыз жай саналғанмен домофон айналасынан да дау туындауы ғажап емес. Сол себепті, біз сізді сақтандырып отырмыз.
Бағытжан САБИРОВ,
Атырау облысы бойынша Монополияға қарсы инспекциясының тауар нарықтарының мониторингі және талдау бөлімі басшысы.