
Юлия Кузнецова: Сенім тілінде сөйлейтін тергеуші
Оның бойында табандылық, әйелге тән нәзіктік пен мамандығына және Отанына деген шынайы сүйіспеншілік ерекше үйлесім тапқан.
Атырау қаласы Полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі полиция аға лейтенанты Юлия Андреевна Кузнецова-
полицияның жаңа буынының өкілі: кәсіби маман, азаматтық белсенді ұстанымы бар, елін шын жүрегімен сүйетін патриот және мемлекеттік тілді еркін меңгерген жан.

Құрманғазы ауданының Сафоновка ауылында дүниеге келген Юлия бала кезінен мақсатшыл болып өсті. Бірлік ауылындағы Имашев атындағы мектепте оқып, олимпиадаларға қатысқан, заң мен әділеттілікті қорғауға байланысты мамандықты армандаған. Жақындарының қолдауымен және айналасындағылардың күмәніне қарамастан, ол ІІМ академиясына түсіп, мемлекеттік қызмет жолын нық таңдап алды.
— Қазақ тілінде сөйлейтінімді мақтанышпен айтамын. Бұл — тек міндет емес, Қазақстан халқы мен мәдениетіне деген құрмет, — дейді Юлия.
— Жұмыс барысында жәбірленушілермен, куәгерлермен, күдіктілермен жиі тілдесемін — тілді білу олардың сенімін арттыруға, ашық сөйлесуге септігін тигізеді. Адам туған тілін естігенде — жүрегі ашылады.
Бүгінде Юлия — көптеген қылмыстық істерді тергеген тәжірибелі тергеуші. Әр істің артында — адам тағдыры, заң мен қоғам алдындағы жауапкершілік жатыр. Оның күнделікті жұмысы — жауап алу, оқиға орнына бару, айғақ жинау және деректерді мұқият талдау. Бірақ бұл мамандықтағы ең басты қасиет — тыңдай білу, жанашырлық таныту және салмақты шешім қабылдау.
— Тергеуші мамандығы тек білім мен төзімділікті ғана емес, рухани күшті де талап етеді. Кейде адамдар іштен күйреген күйде келеді. Сол кезде жай ғана хаттама толтыру емес, қолдау көрсету маңызды. Мұнда қазақ тілінің жылуы мен мейірімі ерекше рөл атқарады, — дейді ол.
Юлия форма киген әйел болу — үлкен жауапкершілік екенін жасырмайды. Бірақ әр ісімен, әр қадамымен ол шын мықтылық — даңғаза сөзде емес, нақты істе екенін дәлелдеп жүр.
— Иә, көпшілігі таңданып сұрайды: «Сіз — тергеуші ме?». Мен күлімдеп: «Иә, және бұған мақтанамын», — деп жауап беремін. Погон таққан әйел — ерекше құбылыс емес, бұл — қалыпты жағдай. Біз — ел күшінің бір бөлшегіміз.
Бос уақытында ол өзін жан-жақты дамытуды жөн көреді: спортпен шұғылданады, шығармашылықпен айналысады, отбасына көңіл бөледі. Ән айтады, би билейді, әлеуметтік желілерде белсенді — тәжірибесімен бөлісіп, жазылушыларын шабыттандырады. Сонымен қатар білімін жетілдіріп келеді. Жақын жоспары — ІІМ академиясында магистратура, кейін докторантура оқу. Болашақта жастарға сабақ беруді, білгенін бөлісуді армандайды.
— Мен жастар қазақша сөйлеуден ұялмаса, ақылды, белсенді әрі патриот болудан қорықпаса деймін. Біздің тіліміз — біздің күшіміз.
Юлия елін шын жүрегімен сүйеді — бұл сөз жүзінде емес, нақты істер арқылы көрінеді. Қызметі арқылы, әр азаматқа деген құрметі арқылы, әділеттілікке ұмтылысы арқылы.
Ол — мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, күнделікті қызметінде сенім көпіріне айналдыра білген жан. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, әрбір азаматпен ана тілінде тілдесу арқылы — тек маман емес, елге жақын тұлға болудың жарқын үлгісін көрсетіп жүр.
Юлия үшін қазақ тілі — жай ғана құрал емес, бұл — халықпен рухани байланыс орнатудың жолы, елге құрметтің нақты көрінісі. Оның ана тілі емес тілді жүрекпен қабылдап, өзге ұлт өкілі бола тұра қазақша таза сөйлеуі — жастар үшін үлкен өнеге, мақтаныш пен құрметке лайық іс.
Ол өз ісімен дәлелдеп жүр: мемлекеттік тілді білу — парыз ғана емес, ар мен намыс мәселесі. Жастарға: «Қазақ тілінде сөйлеуден ұялма, қайта соны мақтаныш ет» деген үндеуін іс жүзінде көрсетіп келе жатқан қайсар тұлға.
Юлия Кузнецова — қазіргі Қазақстан полициясының айнасы: кәсіби, ашық әрі патриот тұлға. Осындай қызметкерлер заңды қорғаса, еліміздің болашағы сенімді қолда.