«Интернет-алаяқтықтың алдын алу»: Атырауда call орталық жұмыс істейді
Азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі мен сауатын арттыру мақсатында интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін Атырауда облыстық полиция департаменті мен Цифрландыру орталығымен бірлескен іс-шаралар үшін меморандумға қол қойды. Меморандум облыс тұрғындары мен қонақтарын интернет-алаяқтық қылмыстарынан қорғау және интернет желісі арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алуға ықпал етуге бағытталған 109-көмек Сall орталығының жұмысы арқылы жүзеге асырылмақ.
Орталыққа кез-келген тұрғын хабарласып интернет алаяқтық деректері туралы, одан қорғану және интернет-алаяқтық деректері тіркелген онлайн сайттар мен парақшалар туралы мәліметтерді ала алады. Сондай-ақ, меморандум аясындағы бірлескен қызметті 109-көмек орталығы мен Кримналдық полиция басқармасы, Киберпол қызметі жүргізеді.
Меморандумға қол қойғанға дейін тараптар өзара іс-қимылдан күтілетін нәтижелер мен орталық операторларының ақпараттық қамтамасыз етілуін жоспарға сәйкес өткізді. Бүгінгі жиында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаев қоғамда белең алған мәселелердің бірі интернет-алаяқтық қылмысына төтеп беру, азаматтарды қылмыстың кез-келген түрінен қорғау үшін ресурстарды тиімді пайдалану, халыққа бірлесіп қызмет ету туралы сөз қозғады.
Айта кетейік, үзіліссіз қызмет ететін 109 Сall орталығы Атырау облысы аумағында 2020 жылдан бері іске қосылған. Тұрғынның сауалын жауапсыз қалдырмайтын орталықта 40 қызметкер жұмыс істейді. Өңірдің өзекті мәселелеріне қатысты жұртшылыққа тиімді ақпарат беруге бағытталған жүйе енді интернет желісіндегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етуге үлесін қоспақ. Департамент қызметкерлері орталықпен үнемі кері байланыс орнатып, жұмыс тиімділігі үшін семинарлар, дөңгелек үстелдер өздізуді жоспарлап отыр.