Жарнама
Құқық

Интернет алаяқтықтан сақ болыңыз!

Қазір цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн сауда жасау, қаржылық операцияларды орындау, түрлі қызметтерді үйден шықпай-ақ алу — бүгінде үйреншікті жағдай. Алайда осындай мүмкіндіктермен қатар, интернет алаяқтарының да айла-тәсілдері көбейіп, адамдардың жеке мәліметтері мен қаржысына қауіп төніп отыр.

Алаяқтар түрлі схемаларды қолданып, адамдардың сеніміне кіріп, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін алдап алуға тырысады. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Облыстық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы интернет-алаяқтардың амалдарын тану мақсатында халық көп шоғырланатын орындарда — сауда үйлерінде, базарларда, қоғамдық көлік аялдамаларында түсіндіру акциясын өткізіп, тұрғындармен тікелей кездесулер ұйымдастырды.

Айта кету керек, жыл басынан бері интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Атап айтқанда, өңір бойынша 50-ге жуық ескертпе бейнеролик түсіріліп, 13 203 жадынама мен парақша таратылды. Қала аумағында 16 баннер орнатылып, оның ішінде 13 LED-экранда ақпараттық бейнеүндеулер үздіксіз көрсетілуде.

Сондай-ақ ірі кәсіпорындар мен оқу орындарында да бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілді. Кездесуге 3000-нан астам қызметкер қамтылса, сауда орындарында өткізілген іс-шаралар барысында 2000-нан астам тұрғын интернет алаяқтардан сақтану жолдарымен танысты. Профилактикалық бейнероликтер полиция бөлімшелерінде, емханаларда, оқу орындарында және «Қазпошта» бөлімшелерінде тұрақты түрде көрсетіледі.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Сондай-ақ белгісіз сілтемелерге өтпеуді, жеке және қаржылық мәліметтерді өзге адамдарға бермей, күмән тудыратын жағдай болса, бірден «102» нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button