Есірткі қылмысы: заңнамада қандай өзгеріс бар?
Өткен жылдың соңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі өндіру және оны таратуды ұйымдастырғаны үшін қолданылатын жазаны қатаңдатуды, сондай-ақ есірткі жасырумен алғаш ұсталған қылмыскерлердің жазасын жеңілдетуді қарастыратын заңға қол қойды. Бұл заң 2025 жылдың 3 наурызынан бастап күшіне енеді. Қабылданған заңға сәйкес, есірткі жасырушыларға қатысты жаза жеңілдетілсе, есірткі өндіру мен таратуды ұйымдастырушыларға жаза қатаңдатылды.
“АMANAT” партиясының Атырау облыстық филиалында Атырау облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен қалалық және облыстық жастар мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері және «Жастар рухы» қоғамдық қорының еріктілерімен бірлескен “дөңгелек үстел” өткізілді. Жиын барысында заңға енгізілген басты өзгерістер мен жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру шаралары түсіндірілді.
-Бұл заң Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік жүйесін жетілдіру арқылы есірткі өндірісін, оны таратуды ұйымдастыруды және есірткі қылмысына қатысушыларды жауапкершілікке тартуды күшейтеді. Есірткіні өндіріп, өңдеп немесе дайындағандар қамауға 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге алынып немесе мүлкі тәркілене отырып, өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Ал есірткіні жасырып, алғаш рет қылмыс жасағандардың мүлкі тәркіленіп, бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылдан 8 жылға дейінгі аралыққа төмендетілді, — деді аталған департаменттің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Роман Ермұханов.