
Ерекше бақылаудағы іс
Қазір ерекше қорғалатын табиғи аумақ – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 203-бабына («табиғи кешендерді қасақана бүлдіру, жою, өртеу») сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Істі мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының нұсқауымен Атырау қалалық полиция басқармасы жүргізуде.
Біз оқиғаға қатысты барлық фото және бейнематериалдарды жинақтап, түгендеп, полицияға жолдадық. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру 17 маусымнан басталды, оның барысы толықтай біздің бақылауымызда. Дегенмен, нақты қорытындыны тергеу органдары береді. Әзірге қандай да бір шешім шығаруға әлі ерте.
Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы – өңірдегі экологиялық мәселелерге тікелей жауапты бірден-бір орган. Қоршаған ортаны қорғау, өзен-көлдер мен теңіз ресурстары, сондай-ақ флора мен фаунаның қауіпсіздігін басты назардаұстап отырмыз.
«Ақжайық» резерваты ерекше қорғалатын табиғи аймақ болғандықтан, оны Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген сирек кездесетін балық, жануарлар, құстар мен өсімдіктер мекендейді. Бұл аумаққа рұқсатсыз кіруге заңмен тыйым салынған.
Резерваттағы өртке байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша барлық тексеру шаралары прокуратура тарапынан қадағаланып отыр. Біз бұл процеске бұқаралық ақпарат құралдары мен төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтері негізінде мониторинг жүргізіп отырмыз.
Қылмыстық-процессуалдық кодекстің талаптарына сәйкес, кез келген қылмыстық іс екі ай ішінде тергелуі тиіс. Егер тергеу күрделі сипатта болса, прокуратураның келісімімен мерзімі ұзартылуы мүмкін.
Мирас ЖАЛМУРЗИН,
Атырау облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры