Жарнама
Құқық

Ел тыныштығын күзеткен

Көк байрағы желбіреген қазақ елінің шет-шегі көз жетпес ұлан-ғайыр даласы бар. 3 миллион шаршы шақырымға жуық аумақты алып жатқан Қазақстан — жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орында. Солтүстігі мен батысы Ресеймен, шығысы Қытаймен, ал оңтүстігі Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанмен шектесетін еліміздің әр қарыс жері – ата-бабамыздың аманаты. Оны қас қақпай күзетіп, шекараның тұтастығын, елдің тыныштығын қорғау — ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жүктелген қасиетті міндет.

15f637fb 769a 4806 af7b 4b57ba995268

Каспий теңізі маңындағы «Жанбай» шекара бөлімшесі — сол қасиетті борыштың алдыңғы шебінде тұрған әскери нысандардың бірі. Бөлімше бастығы, аға лейтенант Береке Есенбай — жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген офицер. Ел шетін күзеткен оның өмір жолы ерлікке толы.
Береке Бекжанұлының әскери жолы бала күнгі арманы мен әке өнегесінен бастау алған. Әкесі мен туған ағасы да осы салада қызмет етіп, болашақ шекарашыға бағыт-бағдар берген. Оңтүстіктің Түлкібас ауданы Рысқұл ауылында ата-әжесінің тәрбиесінде өскен ол мектептен кейін Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясында білім алып, төрт жылдық оқуын үздік аяқтап, лейтенант шенін алып шығады. 2023 жылы «Жанбай» шекара бөлімшесіне тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасар болып келіп, екі жыл ішінде біліктілігі мен табандылығының арқасында бөлімше бастығы лауазымына тағайындалады.
Каспий маңындағы шекара аймағы — стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мұнда браконьерлік, заңсыз көші-қон, контрабанда және белгісіз кемелердің пайда болуы сияқты қауіп-қатерлер жиі кездеседі. Сондықтан бөлімше тәулік бойы теңіз бен құрлықта қырағылықпен қызмет атқарады. Заманауи бейнебақылау жүйелері, дрондар, түнгі көру құралдары, радиобайланыс құрылғылары мен қызметтік иттер олардың сенімді серіктері. Табиғаттың қытымыр мінезі — қыстың қақаған аязы, теңіздің долы дауылы — шекарашылар үшін күнделікті сынақ.

1f33bc14 a168 4315 8c9a a987df24ae5b

-Бөлімшеде жас сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Олар қысқа ғана уақыт ішінде қандай қиындыққа да төзетін, қызметтерін қалтқысыз атқаратын майталман маман болып шығады. Сарбаздар тосыннан қандай жағдай болса да, жұдырықтай жұмылуға дайын. Көпшілік «шекара күзеті оңай шаруа» деп ойлайды. Шындығында олай емес қой. Олүшін ұзақдайындық, табандылық таныту қажет. Біздің сарбаздарымыз қаруды жетік меңгерген, көздегенін тосылмастан атып түсіретін мергендер. Қоян-қолтық ұрыстың да шеберлері, дейді Береке Бекжанұлы.
Оның айтуынша, нағыз шекарашы болу үшін мықты дайындық қана емес, жүрек түкпірінде Отанға деген адалдық, тәртіпке берік болу, қиындыққа төтеп беретін қайсар мінез қажет. Бөлімшеде жас сарбаздардың патриоттық рухын көтеру мақсатында әскери ант, ардагерлермен кездесулер, мәдени және спорттық іс-шаралар өткізіледі. «Әр күнгі қызмет — ел қауіпсіздігіне қосқан үлес. Бұл — ұрпақ алдындағы жауапкершілік» дейді аға лейтенант.
Бүгінде әңгіме кейіпкері 25 жасында ел сенімін арқалаған офицер ғана емес, үлгілі отбасының отағасы. 2023 жылы жары Әнел Елдосқызымен шаңырақ көтеріп, биыл тұңғыш қызын құшағына алып, әкелік бақытқа бөленді.

a785d653 414d 40a5 b03b 0819e4335f4f

-Өзім секілді қатар-құрбыға, менің ізімнен ерген жастарға сабырлы, жауапкершілікті сезіне алатын, тәртіпке бағынатын, Отанға адал қызмет етуге ұмтылатын жас болу керектігін айтар едім. Әр күнгі қызмет — ел қауіпсіздігіне қосқан үлес екенін ұмытпау қажет. Сондай-ақ біліктілікті арттыру, үздіксіз оқу мен өзін дамыту — табыстың кепілі. Мен үшін шекарашы болу халқымыздың тыныштығы мен ел шебінің бүтіндігін сақтау жолындағы қасиетті міндет. Бұл — ерлік пен ертеңге деген сенімнің бейнесі. Шекараны күзету — ұрпақ алдындағы жауапкершілік, дейді бөлімше бастығы.
Ел шетін күзетіп, халықтың бейбіт өмірін қорғайтын шекарашылардың еңбегі — ерлік пен адалдықтың символы. Олардың әр қадамы — мемлекет шебін мығым ұстап, болашаққа сеніммен қараудың кепілі.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button