Жарнама
Құқық

Ел қорғау — қасиетті парыз

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде атап өткендей, мемлекет өз жерін кез келген қол сұғушылықтан қорғауға қабілетті болғанда ғана тәуелсіз бола алады. Бұған тарих сабақтары дәлел. Жәнібек пен Керей, Қабанбай мен Бөгенбай, Исатай мен Махамбет, Есет батыр сынды елдің арыстары ұлан-асыр жерімізді бізге аманат етті. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның әскері – ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы.

Бүгінде елімізде қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулық орнаған. Қазіргі таңда Президентіміздің тапсырмасымен Қарулы Күштер теңізде де, құрлықта да, әуеде де елді қорғауға барлық тиісті құрал-жабдықтармен, техникалармен, қару-жарақпен қамтамасыз етілген. Қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтау үшін барлық жағдай жасалған.

Өзім басшылық ететін 5546 әскери бөлімі 1991 жылдан бері Атырау облысының қоғамдық тәртібін күзетуде орасан зор, табысты қызмет атқарып келеді.

Отан қорғаушылар күні – бұл тек ер азаматтардың емес, сардарлар мен сарбаздар қатарында қызмет етіп жүрген қыз-келіншектердің де мерекесі. Өйткені қазақтың қыздарының батырлығы мен өжеттігі ықылым заманнан белгілі. Сонау Тұмар ханшайымнан бастап, беріректегі Мәншүк пен Әлия, Хиуаз апалардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Бұлар – есімдері мәлім болғандары. Ал беймәлім ерлер мен ержүрек қыздар қаншама?!

Ерлік ешқашан ұмытылмайды, керісінше, жылдар өткен сайын мәртебесі өсіп, айбындана түседі. Аға ұрпақтың жауынгерлік дәстүрлері Қарулы Күштеріміздің қатарында қызмет атқарып жүрген бүгінгі қазақстандық жауынгерлердің өмірінде лайықты жалғасын табуда.

Осыған орай, барлық әскери қызметшілерді, сондай-ақ ел азаматтары мен азаматшаларын Отан қорғаушылар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің іргесі берік, аспанымыз ашық болсын!

Ерлан ИПАТОВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5546 әскери бөлімінің командирі, полковник

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button